Бәсекеде байрақ желбіреткен қарағандылықтар

Елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуда Қарағанды облысы алдыңғы қатарда тұр. Бүгінгі күні біздің өңірден шыққан спортшылар ел мақтанышына айналып үлгерді. Тәуелсіздіктің 30-жылдығына Қарағанды спорты қандай жетіктіпен келді? Бұл туралы облыстық спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаевпен сұхбат құрдық.

— Биыл Тәуелсіздігімізге — 30 жыл. Осы аралықта Қарағандыны танытқан даңқты спортшылар кімдер?

— 1992 жылы Барселонада (Испания) өткен Олимпиада ойындарында Тәуелсіз Қазақстанның спортшылары алғаш рет өнер көрсетіп, Татьяна Меньшова волейболдан ұлттық құрама сапында қатысып, күміс жүлдеге ие болды.

1996 жылы Атлантада (АҚШ) өткен Олимпиада ойындарында алтын жүлдені және Вэл Баркер кубогын иеленген алғашқы қарағандылық боксшы Василий Жиров болды.

2004 жылы Афинада (Греция) өткен олимпиада ойындарында біздің жерлестеріміз үш бірдей медальді жеңіп алды: бокстан күміс медальді Геннадий Головкин, қола медальді Серік Елеуов және онсайыстан Дмитрий Карпов.

Серік Сәпиев 2012 жылы Лондонда (Ұлыбритания) өткен Олимпиада ойындарының чемпионы атанып,  Вэл Баркер кубогын иеленсе,  2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен төрт жылдық ойындарда әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова қола медальға ие болды.

Қарағанды облысының 85 өкілі Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынады.

— Пандемия Қарағанды спортына қандай өзгерістер алып келді?

— Бүгінгі таңда облыста спорттың 100-ге жуық түрі дамуда, оның 44-і олимпиадалық спорт түрі. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына Қарағанды өңірінің 1 471 спортшысы мүше болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында әлем чемпионаттарында 458 медаль (167 алтын), Азия чемпионаттарында 1010 жүлде (413 алтын) жеңіп алынды. Елімізде бұқаралық спортты дамыту басты бағыттардың біріне айналды. Қарағанды өңірінің 400 мыңнан астам тұрғыны спортпен шұғылданса, оның ішінде 146 мыңы балалар болып табылады. Колледждер мен жоғары оқу орындарының 29 мыңнан астам студенті өздерінің оқу орындарындағы секцияларға қатысады. Облыста 42 спорт мектебі және Ә. Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі, олимпиада резервін даярлау орталығы, жоғарғы спорт шеберлігі мектептері жұмыс істейді. Онда 33 мыңға жуық адам (32 896) жаттығады. Жыл сайын Қарағанды өңірінде жүздеген бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізілуде. Бұл  спорттық іс-шаралардың қатарына 28 мың адамды қамтитын 10 облыстық спартакиадалары да кіреді.  Пандемия кезінде алғаш рет тоғыз спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қалалар мен аудандар арасында «Saryarka» онлайн спартакиадасы ұйымдастырылды. Оған 5000-ға жуық адам қатысып, бұл Қазақстанда қашықтық режимінде ұйымдастырылған жарыстар арасындағы саны жағынан ең көп қатысушыны жинаған жарыс болды.

— Қарағандыда ұлттық спорт дамымаған деген сын жиі айтылады.

— Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы спорт түрімен 42 мыңнан астам адам айналысып,  ұлттық спорт түрінің 11 түрі насихатталуда. «Қазақстан Барысы» алтын белдігінің иегері Ержан Шынкеев, қазақ күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Ғалымов және ұлттық спорт түрлері бойынша әйгілі жарыстардың жеңімпаздары атанған жерлестеріміз өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтуіміз қажет.

— Мүмкіндігі шектеулі жандар спорты қалай жүргізілуде?

— Қарағанды өңірінде 3 825 мүгедек спортшы спортпен шұғылданады. Облысымызда спорттың мүгедектерге арналған 29 түрі насихатталады, Қазақстан ұлттық құрамасына 90 спортшы кіреді. 2017 жылғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Әбдіраш Аянды (таэквондодан алтын медаль), Антоненко Валентинаны (таэквондодан қола медаль), Салмина Еленаны (каратэден қола медаль), 2019 жылы Италияда өткен қысқы Сурдлимпиада ойындарында шахматтан бірінші орын алған Максименко Викторды Қазақстанның мақтаныштары деп айта аламыз.

Біздің облыстың алты өкілі Токио Паралимпиада ойындарына қатысу нормативін орындады.

— Қарағандының мақтанышына айналған кәсіби клубтардың жағдайы қалай?

— Қазіргі таңда біз кәсіби клубтардың жетістіктерімен мақтана аламыз. «Шахтер» футбол командасы еліміздің екі дүркін чемпионы (2011, 2012 жж.), Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының иегері (2013 ж.) атанды. «Горняк»спорт клубы еурокубоктардың топтық кезеңінің үздігі атанса, Қарағанды «Сарыарқа» хоккей командасы  Қазақстан және ЖХЛ чемпионы, «Братина» және «Петров»кубоктарының иегері атанды. Қарағанды облысында 3155 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 1230-сы ауылдық жерлерге тиесілі. Елімізде егемендігімізді алғалы 67 ірі спорт нысаны салынды. Олардың қатарына Теннис орталығы, Saryarka үстел теннисі орталығы, «Қарағанды-Арена» Мұз сарайы, С. Сәпиев атындағы Бокс орталығы, облыстың басқа қалалары мен аудандарында ондаған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері кіреді. «Менің аулам» және «аула аумақтарын абаттандыру» бағдарламасы бойынша жасанды жабыны бар 366 спорт алаңы және 262 көпфункционалды хоккей корты салынды.

— Келешектегі жоспарлармен бөліссеңіз.

— 2021 жылға алға қойған басты міндетіміз — ел намысын жоғары қоятын облыс спортшыларының Токиодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында лайықты өнер көрсетуі болып табылады. Қазірдің өзінде Абылайхан Жүсіпов, Эльмира Сыздықова және апалы-сіңлілері Екатерина мен Александра Немичтер басты халықаралық жарыстарға лицензия жеңіп үлгерді. Осы олимпиадаға берілетін жолдамалар одан да көп болатынына және ел намысын қорғайтын саңлақ спортшыларымыздың жаңа жеңістеріне куә болатынымызға сенімдіміз.

Алда бұқаралық спортты дамыту, дені сау, бәсекеге қабілетті жастар мен жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған көптеген жоспарлар мен жобалар күтіп тұр, олар әлем елдері арасында тәуелсіз Қазақстанның мерейін үстем қылып, биік тұғырдан көрсететініне сенімдіміз.

— Сұхбат бергеніңізге рахмет.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

«QH»