Сауатты жарнама

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде қоғамдық орындардағы жарнама тілін түзеудің маңызы зор. Соңғы жылдары кәсіпкерлер де бұл мәселеге бейжай емес, жарнаманың орфографиялық, стилистикалық сауаттылығына аса жауапкершілікпен қарай бастады.

Шындығында, алдымен көпшіліктің назарына көрнекі ақпараттар тіліндегі түрлі қателер, сауатсыз, олақ аудармалар, тілдік кемшіліктер түседі. Олардың қоғамдық санаға айтарлықтай әсер ететінін ескерсек, оның тілі де, сауаттылығы да, заңнама талаптарына сай ресімделуі де маңызды екенін аңғарамыз. Алайда Тілдерді дамыту басқармасы жанындағы ресурстық орталықтың директоры Мөлдір Смағұлованың айтуынша, өткен жылы мұндай қателіктер саны сирей бастаған. Себебі қоғам қайраткерлері, блогерлер, еріктілер, бір сөзбен айтқанда, тіліне жаны ашитын азаматтардан тұратын мониторингтік топтың жұмысы өз нәтижесін берген.

— Мониторинг тобы 2020 жылы құрылды. Алайда бастама қолға алынған бетте, пандемия басталып кетті. Соған қарамастан қоғам жанашырлары ресурстық орталықтың мамандарымен бірге түрлі ұйымдар мен мекемелерді аралап, ескерту-түзету жұмыстарын жүргізді. Бірқатар нысан басшылары, шағын және орта бизнес иелері бастапқыда біздің бұл іс-әрекетімізге үрке қараса, кейін бұл шараның өздері үшін де пайдалы болатындығын түсінді, — дейді Мөлдір Смағұлова.

2021 жылы мониторинг тобының жұмысы әлдеқайда жеңілдеген. Қарағандылық бизнес субъектілерінен басқа Теміртау кәсіпкерлері де бақылауға алынды. Акция аясында супермаркеттер мен жеке клиникалардан бастап, шағын дүкендерге дейін шамамен екі мың ұйымда мониторинг жүргізілді.

Заң нормаларын түсіндіретін буклеттерін қару еткен қоғам жанашырлары бизнес жарнамасында үлкен өзгеріс жасады. Парақшалар таратып, қателерді көрсетіп, оларды түзетуге көмектесті, тексеру барысында орфографиялық ережелерді түсіндірді.

” «Білім беру бағдарламасы» барысында ресурстық орталықтың мамандары шағын жəне орта бизнес нысандары арасында кең таралған үш олқылықты анықтады: біріншіден, көбісі жарнаманы тек бір тілде жазды, екіншіден, грамматикалық, стилистикалық сауатсыздық байқалды, үшіншіден, визуалды ақпарат дұрыс орналастырылмаған. Мəтіннің дұрыс орналасуы «ҚР Тілдер туралы» Заңында бекітілген.

— Қарағандыда 80% жағдайда нысан атаулары, жарнама мәтіні тек бір тілде берілді. Теміртаудағы нысандардың 60%-ында осындай қателік байқалған. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес өкілдері арнайы call-орталықтарға жүгініп өз қателерін түзете алады. Қоңырау шалып, біздің қызметімізге өз жарнама мәтіндерінің фотосуреттерін жіберіп сапалы аударма алады. Бұл процедура тегін жүргізіледі, — деп атап өтті ресурстық орталық басшысы.

Егер 2020 жылы лингвистикалық көмекке шамамен 400 кәсіпкер жүгінсе, өткен жылы олардың саны 1000-нан асты. Сонымен қатар Мөлдір Смағұлова кәсіпкерлерге қуана тегін көмек көрсететіндігін атап өтті:

— Әрине, біздің мамандар пандемия кезінде кәсіпкерлердің қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқанын ескереді. Орталыққа қазақ тіліндегі жарнаманы дұрыс жазуға сұраныс түскенде, қатты қуанамыз. Бұл да — насихаттау жұмысы. Мамандар жарнама мәтінін аударады. Құжаттамаға келетін болсақ, бұл жағдайда кәсіпкерлер бізден тек жазбаша мәтіннің сауаттылығын тексеруді сұрайды.

Биыл да мониторинг тобы өз жұмысын жалғастырады. Рас, тұжырымдаманы біршама өзгерту туралы шешім қабылданды. Біріншіден, топ өкілдерінің саны сегіз адамға қысқартылды. Сондай-ақ сапаны бақылауды салаларға бөлу туралы шешім қабылданды. Мөлдір Смағұлованың айтуынша, енді бір ай бойы белсенділер Денсаулық сақтау басқармасының келісімі бойынша медициналық мекемелердің атаулары мен жарнама мәтіндерін тексереді, екінші айда қоғам белсенділері қоғамдық тамақтану орындарын аралайды, содан кейін тұрмыстық техника дүкендері мен супермаркеттерге мониторинг жүргізеді.

Биыл мониторинг Қарағанды мен Теміртауда ғана емес, Саран қаласында да жүргізілмек.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»