Есірткі сатып есіргендер ұсталды

Елде у сатып ұртын майлап, есірткі сатып есіріп жүргендердің қарасы азаймай тұр. Бұл пәлекеттің әсіресе соңғы уақыттарда интернет арқылы ашық саудаға шыға бастағаны көпті алаңдатары хақ. Мұның дәмін бір татқан адам одан қайтып құтыла алмайтынын біле бермейді. Ал қара нарықта ашық сатылып жатқан бұл у бүтін бір ұлттың бас қайғысына айналуы бек мүмкін.

Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағанды облысы аумағындағы криминогендік жағдайды тұрақтандыру мақсатында 14 қаңтардан бастап «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген. Оның негізгі міндеттерінің бірі — дәл осы есірткі қылмысына қарсы тұру. Бұл тұрғыда әр түрлі есірткі заттарын, оның ішінде синтетикалық заттарды жасырын тығып кететін, артынша әлеуметтік желі арқылы сататын адамдарды ұстауға ерекше назар аударылады. Осы бағытта облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

18 қаңтарда жедел іздестіру ісшаралары барысында Теміртау қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы ісқимыл бөлімінің қызметкерлері Республика даңғылы бойындағы тұрғын үй кіреберістерінің бірінен 30 және 28 жастағы екі тұрғынды ұстаған.

” Тексеру кезінде полицейлер күдікті азаматтардан ұнтақ тəрізді заты бар 11 түйір қорапша тəркілепті.

Мамандар мұның «жылдамдық» деп аталатын синтетикалық есірткі екенін анықтайды. Ұсталғандардың өздері де есірткінің құлы екені белгілі болған.

Дәл осындай оқиғаның бірі Қарағандыда да болған. 21 қаңтар күні Қарағанды қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері Жауынгер- интернационалистер көшесінің ауданында 20 және 18 жастағы екі адамды ұстаған. Олардан да 7 түйір түйіншек зат тәркіленген. Күдіктілер оны арам пайда табу мақсатында интернет арқылы сатып алғанын мойындап отыр. Дәл осы күні полицейлер тағы бір азаматты ұстаған. Ол қызыл жағалыларды көргенде үрейленіп, қалтасындағы 15 дана ұнтақ түйілген затты лақтырып жіберіпті, кейін ол үй маңы мен балалар алаңқайына да осындай «құпия заттарын» тығып кеткенін мойындаған. Қылмысқа қатысы бар күдіктілердің жымысқы ойлары өздерінен тәркіленген ұялы телефондағы суреттермен расталған. Онда фотосуреттер мен бетбелгі орындарының сипаттамасы, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі хат алмасулары болып, бұлтартпас айғақтармен ұсталған. Аталған барлық факт бойынша ҚР ҚК 297-бабы аясында сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тиісті сараптамалар тағайындалған.

” Атап өткен жөн, есірткі заттарын саудалау мен тасымалдау кемі 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуына əкеп соғуы мүмкін.

Есірткі ел болашағы үшін қауіпті. Өткен жылы сәуірде Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында етек алып бара жатқан осы есірткі мәселесін көтерген еді. Сол жиында Президент: «Біздің тұрғындарды есірткі қылмысы да алаңдатып отыр. Есірткіні сату мен алу жеңілдей түсті. Кез келген жасөспірім оны интернет арқылы тауып ала алады. Кез келген тұрғын үйлердің маңында жасырын жарнаманы, арнайы сайттардың сілтемесін, QR-кодтарды көруге болады. Оны біздің қалалардағы үйлердің қабырғаларында кездестіреміз. Яғни бұл — ұйымдастырылған криминалды бизнес. Біздің балалардың денсаулығы жайында сөз қозғалғандықтан мұндай іс-әрекетке жол берілмеуі керек. Есірткі таратумен айналысуға қатысы бар тұлғаларды жазалауды заң жүзінде қатаңдату жағын қарастыру қажет. Мен полицияға бұл проблеманы жоюды міндеттеймін. Қолға тек жылдам әрекеттерді ғана емес, сондай- -ақ жалпы заманауи технологиялық арсеналды алуды тапсырамын», — деген болатын.

Бұл ойын Президент былтыр «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да айтты. «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тəжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық- зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, əйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық- зомбылық жəне басқа да ауыр қылмыстарға, əсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мəселені шешуді Парламентке жəне Үкіметке тапсырамын», — деді Президент.

Синтетикалық есірткі — қазір әлемде ең кең таралған психотропты заттар. Қазақстан — есірткі тасымалының күре жолында жатқан ел. Сондықтан арнайы қызмет өкілдері сырттан төнген қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шаралар атқарып жатыр. Дей тұрғанмен қылмыстық топтар түрлі жымысқы әрекеттер жасап есірткі саудасын қыздырып отыр. Ондайлармен балалардың болашағы үшін бірлесіп күресу қажет екенін естен шығармаған абзал.

Синтетикалық есірткі — қазір әлемде ең кең таралған психотропты заттар. Қазақстан — есірткі тасымалының күре жолында жатқан ел. Сондықтан арнайы қызмет өкілдері сырттан төнген қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шаралар атқарып жатыр. Дей тұрғанмен қылмыстық топтар түрлі жымысқы әрекеттер жасап есірткі саудасын қыздырып отыр. Ондайлармен балалардың болашағы үшін бірлесіп күресу қажет екенін естен шығармаған абзал.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»