Карантин уақыты қысқарды

Қазақстанның бас санитар дәрігері 14 күнді коронавирус инфекциясын жұқтырған және үйде емделіп жүргендер үшін тым ұзақ мерзім деп шешті. Дәрігерлердің айтуынша, «Омикрон» штаммы жұқпалы болса да, организмге ауыртпалығы аз. Сондықтан ПТР-тестісі оң нәтиже көрсеткендер 10 күн ғана оқшауда болуы мүмкін.

Алайда өңірде COVID-19 жұқтырғандар саны қарқынды өсіп жатқанда, мұндай шара қабылдау қисынсыз көрінеді. Десе де, енді ПТР-тестілеудің оң нәтижесі тіркелген адамдарда «қызыл» мәртебе алынғаннан кейін, он күн бойы кешенді медициналық ақпараттар жүйесінде сақталады. Мұндай жағдайдан кейін пациент автоматты түрде үш айға жарамды «жасыл» мәртебеге ие болады.

” Сондай-ақ ПТР-тестілеу тапсырғанға дейін «қызыл» мəртебелі болған адамдардың статусы, тестілеу нəтижесі теріс болса да, 7 күнге дейін өзгермейді.

Ал «сары» мәртебелі азаматтар науқаспен байланыста болғаннан 10 күн өткен соң ғана «көк» түске ие болады.

ПТР-тестілеу нәтижеі теріс болғандар науқаспен байланыста болған жағдайда 7 күнге дейін «сары» түсті мәртебеде болады. Инфекция белгілері болмаған, ревакцинация немесе вакцинацияның толық курсы алынғаны туралы құжаты бар, сондай-ақ соңғы үш ай ішінде коронавирустық инфекциямен ауырып жазылған адамдарда «жасыл» мәртебе сақталады.

Жеңілдетулер білім беру жүйесін де айналып өтпеді. Бір апталық қашықтан оқытудан кейін көптеген оқушы мектеп партасына қайта оралды. Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, жалпы білім беретін мектептердің 1–4 сынып, халықаралық мектептердің 6-сынып оқушылары, сондай-ақ жобалық қуаты 600 адамға дейінгі шағын мектептердің оқушылары дәстүрлі форматта оқиды. Қалған мектептерде балалар жобалық қуаттың жартысынан аспайтын толу есебімен ғана дәстүрлі форматқа оралды. Мектеп қабырғасында қай сынып оқушылары білім алатындығын оқу ордасының әкімшілігі шешеді.

Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқыту аралас форматта жүргізілетін болады. Яғни практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар, сондай-ақ өндірістік практика икемді кесте бойынша штаттық режимде, ал дәрістер онлайн өткізіледі. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарындағы тәрбие мен оқыту ата-аналардың өтініштері бойынша, сондай-ақ мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында штаттық форматта қалады. «Ashyq» жобасына қатыспайтын түзету кабинеттері, балалар және ересектерге арналған білім беру орталықтары алдын ала жазылу бойынша 15 адамнан аспайтын топта оқытады.

” Сондай-ақ «Ashyq» жобасына қатыспайтын 6000 шаршы метрге дейінгі азық-түлік, сауда желілерінің қызметіне рұқсат етіледі.

Қарағанды облысы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл» аймақта. Өңірде эпидемиологиялық жағдай ушығуда. Санитарлық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, 12 қаңтардан бастап аурудың күрт өсуі байқалады. Соңғы аптада жаңа жағдайлардың саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,2 есе артқан. Жұқтыру жағдайларының өсу себептері халықтың карантиндік шектеулерді, оның ішінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациямен жеткілікті қамтылмаған жағдайда маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтамауы болып табылады.

— «Омикрон» штаммы — өте жұқпалы инфекция. Бір адамнан бір уақытта бес адамға жұғуы мүмкін. Штамның тез таралатындығына әлем елдеріндегі жағдай да — дәлел. Жоғарғы тыныс жолдарында «Омикрон» «Дельта» штаммынан 70 есе тез тарайды. «Омикрон» жұқтырған кезде осал топтар арасында ауыр жағдайлар жиі байқалады. Көбіне егде жастағы пациенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар мейлінше сақ болуы тиіс. Қазақстанда «Омикрон» айналымы зертханалық түрде расталды. Вирустың облысқа да келуі әбден мүмкін. Осыған байланысты облыс тұрғындарынан вирустық инфекциялардың алдын алу шараларын сақтауды сұраймыз, — деп мәлімдеді Облыстық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті.

” Облыста 18 жастан асқан 897 340 адам вакцинацияланған. Ал 78 248 адам иммунитет көтеру үшін үшінші бустерлік дозамен ревакцинациядан өтті.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»