«Күміс жас»
Қарағанды облысында биыл «Күміс жас» республикалық жобасы іске қосылады. Бағдарлама зейнет жасына дейінгі адамдарды жұмыспен қамтуға көмектеседі. 2022 жылы 534 адамды қамту жоспарлануда.
Жұмыс берушілерге «Күміс жастағы» қызметкерлердің жалақысы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидияланатын болады.
Әдетте қандай да бір себептермен жұмыссыз қалған аға буын өкілдерінің жұмысқа қайта орналасуы өте қиын. Жаңа жоба осындай жұмыссыздарға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындарын табуға көмектесуге бағытталған.
— Өңірде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша субсидияланған жұмыс орындары құрылатын болады. Атап айтқанда, аға буынға «Күміс жас» жобасы жұмысқа орналасуға көмектеседі. Біз зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыс іздеушіні жұмысқа қабылдауға ниет білдірген жұмыс берушінің жалақысын субсидиялаймыз, — деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова. — Жыл бойы ай сайын мемлекет тарапынан 30 айлық есептік көрсеткіштегі қаржы (91 890 теңге) төленетін болады.
«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электронды еңбек биржасына жүгіну қажет.
Өз тілшімізден