2022 жылы 8 мың пәтер тапсырылады
Құрылыс көлемі бойынша Қарағанды облысы республикада төртінші орында. Бұл жылы да аталмыш саланы дамыту жалғаса береді. Тұрғын үй салу қарқыны арта түседі. Сонымен қатар жаңа әлеуметтік нысандарды іске қосу жоспарланған.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаев 2022 жылға арналған жоспарлармен бөлісті.
— 2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл — шамамен бес мың пәтер. 2022 жылы 708,2 мың шаршы метр немесе 8 мыңға жуық пәтер салу жоспарланған. Тұрғын үй мәселесін шешу мүмкіндіктері артады. Биыл мемлекет жаңа тетіктерді енгізеді: табыс деңгейі төмен кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау; құрылыс салушылармен ұзақ мерзімді келісімшарттар; өз қызметкерлері үшін үйлер салған ауылдағы кәсіпкерлерге субсидиялар беріледі, — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар мемлекет қызметкерлер үшін салынған тұрғын үй құнының жартысын өтейді деп күтілуде. Үй пайдалануға берілгеннен кейін, жұмыс беруші субсидия алады. Келісімшарт бойынша, 5 жылға еңбек шарты қажет.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй саясатын реформалау жобасын әзірледі. Алайда құжаттарға әлі қол қойылмаған. Бағдарламаның соңғы шарттары осы жылдың ортасында белгілі болады.
Абзал Жайлыбаевтың айтуынша, Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарындағы ауылшаруашылығы тауар өндірушілері арасында сауалнама жүргізілген. Сегізге жуық шаруашылық қожалық иелері өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салуға дайын екендіктерін айтқан.
Оған қоса биыл 34 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы жүргізіледі.
— 7 білім беру, 8 денсаулық сақтау, 11 спорт, 1 мәдениет, 3 ветеринария ғимараты бой көтереді. Ал Саран қаласының Индустриялық аймағында төрт инфрақұрылым нысаны салынуда. Бұл жерде уақыт өте келе мемлекет есебінен өндіріске қажетті барлық инженерлік коммуникация сымдары жүргізілетін болады, — деп мәлімдеді Абзал Жайлыбаев.
Биылғы жылдың жоспарында Қарағандыдағы облыстық балалар ауруханасын аяқтау да бар. Қазір құрылыс-монтаж және ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Коммуникация құралдарымен қамтамасыз етілуде.
Жоспарға сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары наурыз айында аяқталуы тиіс. Содан кейін медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Жаңа сегіз спорт нысаны Бұқар жырау ауданының Ботақара, Ұлытау, Егіндібұлақ, Қарқаралы және Шахтинск қалаларында, ал бассейндер Жаңаарқа мен Нұра ауданында, екі бірдей хоккей корты Нұра ауданында ашылады. Сондай-ақ Сәтбаев қаласында «Юность» стадионын қайта құру жұмыстары аяқталуы тиіс. Бұдан басқа, Бұқар жырау ауданының Мұстафин кентінде ДСК құрылысын бастау жоспарлануда.
Басқарма басшысы жаңа білім ордаларының да ашылатынын тілге тиек етті.
— Бірнеше жоба әзірлену сатысында. Қарағандыда үш мектеп құрылысы қарастырылған: «Күн гей» және «Гүлдер» шағынаудандарында, Көгілдір тоғандар маңындағы жаңа құрылыс ауданында. Бұқар жырау ауданының Новостройка, Талды, Қарқаралы ауылдарындағы және Жезқазған қаласының Геологический кентіндегі мектептерді жобалайтын боламыз. Жобалық-сараптамалық құжат әзірленгеннен кейін мемлекеттік сараптамадан өтеді. Содан кейін бюджеттік қаржыландыруға өтінім жіберіледі. Оң шешім қабылданған соң, кей нысанның құрылысы биылғы жылы басталуы мүмкін. Жалпы, құрылыс көлемі артады. Біздің міндетіміз — облыс тұрғындары үшін барынша жайлы орта құру, — деп түйіндеді Абзал Жайлыбаев.
Өз тілшімізден