Газдандыру жобасының екінші кезеңі аяқталды

Қарағанды облысында газдандыру жобасының екінші кезеңі аяқталды. Жыл соңына дейін шамамен 4 мың үйге көгілдір отын жеткізу жоспарда. Бірақ көпшілігінде баспана құжаттары дұрыс болмағандықтан, жұмыс тым баяу жүріп жатыр. Айталық, Жезқазған іргесіндегі бір ғана Талап ауылында 145 үйдің әлі күнге 11-і ғана газға қосылған.

Себебі құжатсыз үйге техникалық шарт берілмейді. Ал онсыз құбыр тарту заңға қайшы екен. Ауыл әкімі Қайрат Бапановтың айтуынша, қазір 78 үйдің құжаты дайын, қалғаны рәсімделіп жатыр. Билік өкілдері тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіп, жұмысты қысқа мерзімде аяқтауға жәрдемдеседі.

— Үйдің іргесіне келіп тұрған құбырды ішке кіргізе алмай отырмыз. Ол үшін жерді жекешелендіруіміз керек екен. Қара шаңырақта 40 жыл тұрсақ та, құжатты керек қылмай жүре бергенбіз ғой. Салғырттығымыздан сабақ алып жатырмыз. Өткен жылдың соңына дейін жасап үлгермей қалдық. Сол аралықта суық түсіп, көмір алуға тура келді. Енді көктем шыққан соң кірісемін, — дейді Талаптың байырғы тұрғыны Төлеубай Асанғазин ақсақал.

Ал ерте қимылдаған ауылдағы 11 отбасы қазір көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Айтуларынша, 95 шаршы метр болатын 4 бөлмелі үйді жылытуға айына шамамен 300 текше метр газ кетеді екен. Ақшаға шаққанда 14 мың теңге шығады. Көмірдің тоннасы 21 мың теңге екенін ескерсек, бұл өте арзан. Бірақ табиғи газға қосылу үшін шамамен 600-800 мың теңге шамасында ақша керек. Бұл қаржыны қалтасы көтермейтіндерге жеңілдіктер қарастырылған. Екінші деңгейлі екі банк арқылы бөліп төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Ал газ есептейтін құрал тегін орнатылады. Бүгінде облыстағы ортақ тариф әр текше метріне 40 теңге 94 тиын болып бекітілген. Бұл елорда бағасымен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Бірақ келешекте абоненттер саны көбейсе, арзандауы мүмкін екен. Қазір өңірдегі өндіріс ошақтарын газға көшіру қарастырылып жатыр. Әуелгі кезекте Жезқазғандағы мыс қорыту зауыты мен Теміртаудағы металлургиялық комбинат қосылмақ. Егер жоспар сәтті жүзеге асса, 2025 жылы қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар 30 процентке азаяды.

Айта кетейік, жоба бойынша 2035 жылға дейін облыстағы 145 елді мекенде тұратын 1 миллион 200 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен толық қамтылады.

Асыл АЙБЕК,

«QH»