Бүгінгі бейнет — ертеңгі зейнет
Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы адамдарға артылар жүктеме ауыр. Халық санын жас деңгейімен саралағанда шығар көрсеткіш осындай. Қазір балалар Қазақстан халқының үштен бір бөлігін құрайды.
Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы адамдарға артылар жүктеме ауыр. Халық санын жас деңгейімен саралағанда шығар көрсеткіш осындай. Қазір балалар Қазақстан халқының үштен бір бөлігін құрайды. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Қазақстандағы зейнеткерлердің саны 2 миллион 249 мыңнан астам. Яғни еңбекке қабілетті жастағы қазақстандықтардан түсер салықтың салмақты бөлігі балаларды, студент жастарды, зейнеткерлерді қаржыландыруға кетеді. Ал бүгінгі еңбектің ертеңгі зейнеттік өтемі қандай болары — өз алдына үлкен мәселе.
Елде егер 2000 жылы 222 мың азамат дүниеге келсе, 2020 жылы 427 мыңға жетті. Яғни бала туудың өсу тенденциясы сақталуда. Онымен қоса қарттардың да саны артуда. Егер 2010 жылы зейнеткерлердің үлесі 9,9 %-ды құраса, 2020 жылы 11 %-ды құрады. Соған орай қаржылық төлем шығыны ұлғаюда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі ақпарына сүйенер болсақ, 2021 жылы республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге шамамен 819,3 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 1 триллион 850,4 миллиард теңге бөлінді. 2021 жылдың желтоқсан айында зейнетақы төлемдеріне республикалық бюджеттен 222,5 миллиард теңгеден астам бөлінді, оның 68,5 миллиард теңгесі базалық зейнетақыға, 154 миллиард теңгесі ынтымақты зейнетақыға төленді. Қазақстандық зейнеткерлердің көбі Алматы облысында тұрады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік мекемесі баспасөз қызметінің мәліметінше, зейнеткерлердің басым бөлігі Алматы облысында тұрады — 234 043 адам. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы — 233 109 адам. Ең аз зейнеткер Маңғыстау (55 388), Атырау (61 252) және Қызылорда (76 423) облыстарында тұрады.
Ал еңбекке қабілетті жастағы адамдар саны керісінше: 2010 жылы 64 % болса, 2020 жылы 58,3%-ды көрсетті.
” Əлеуметтанушылардың айтуынша, бүкіл əлемде халықтың қартаюы байқалуда, Қазақстан да осы тізімде.
Өмір сүру ұзақтығын арттыру, негізінен, маңызды рөл атқарады. Қазақстан алдыңғы қатарлы елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіште әсте алда емес. Ерлердің орташа жасы елімізде 69 болса, ал әйел адамдар жасы 74. Бұл Дүнежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көрсеткен бағындыруға тұрарлық жас мөлшерінен біразға кем. Есесіне Қазақстанда кепілдендірілген зейнетақы бар. Бұл жүйе көптеген дамыған елдерде жоқ. Бұл жерде зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру сапасы, төленер зейнетақы мөлшері мақтанарлық деп айту қиын. Дегенмен Германияға, АҚШ-қа келсеңіз, Жапонияға келсеңіз, ешбір мемлекет кепілдендірілген мемлекеттік зейнетақылық өтем бермейді. Оларда тек еңбек еткен жылдарда қор ретінде сақталған жинақ ақшаңызды ғана береді. Экономистердің айтуынша, зейнетақы жүйесі барлық елде үлкен мәселе болып отыр. Себебі бұған мемлекеттің ішкі де, сыртқы да жағдайлары әсер етеді. Зейнетақы ақшасы инфляциядан өте нашар қорғалған. Идеалды зейнетақы жүйесі еш жерде жоқ. Оған біздегі зейнет жасына қатысты жүйесіздік — дәлел. Сондықтан жас қазақстандықтар қазірден бастап бейнетінің зейнетіне алаңдауы қажет.
Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ,
«QH»