Аусыл ошағы жойылды

Қарағанды облысында аусыл ошағын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Еске салсақ, 14 қаңтар күні Шет ауданындағы Киікті ауылында екі бірдей ірі қарадан қауіпті індет анықталған болатын. Қазір шаруа қожалығы аумағына карантин енгізіліп, төрт түлікті және мал өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды.

Жалпы алғанда, Шет ауданы тоғыз жолдың торабында тұр. Бұл да ірі қара арасында бұрын-соңды болмаған індеттердің өршуіне өз салдарын тигізіп отыр. Талап бойынша, шетелден әкелінген мал 2 апта оқшаулануы тиіс. Алайда оны елемейтіндер көп. Аусылдың шығуы да осы себепті болуы мүмкін екенін айтады сала мамандары.

– Ауру, болжам бойынша, заңсыз мал тасымалынан болуы мүмкін. Ауру ошағындағы ауру малдарды және олармен контактіде болған малдардың көзін жою туралы шешім шығарылды. Жойылған мал құны республикалық бюджеттен бөлінеді, — дейді Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы Саян Иманғалиев.

Карантиндік аймақтан төрт түлікті, мал өнімін, тіпті құрал-саймандардың өзін қыстаудан шығаруға тыйым салынған. Індет ошағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған індетке қарсы вакцина тек елдің оңтүстік өңірлерінде жасалып келген. Ал орталық пен солтүстік өңірде жасалмайтын көрінеді. Ветеринарлық бақылау комитеті облыстық инспекция басшысының міндетін атқарушы Данияр Мерғазин: «Талдыбұлақ қыстағында блок-пост қойылып, тәулік бойы кезекшілік жергілікті полиция мен ветеринарлық қызмет тарапынан ұйымдастырылды. Бүгінгі күні аудандағы эпизоотиялық ахуал қатаң бақылауда», — деп отыр.

Індет шыққан қыстаудағы 25 ірі қараның көзі жойылды. Аусыл болған малдарды арнайы жылжымалы инсинераторда жағып жіберген. Енді иелеріне өтемақы төленеді, әр бас шамамен 150 мың мен 320 мың теңге арасында бағаланатын болады. Қазір індетті толық жою мақсатында арнайы штаб құрылған. Атап өткен жөн, аусыл ірі қара ішінде аса қауіпті вирусты індет болып табылады. Ет, сүт арқылы адамға да жұғу мүмкіндігі жоғары. Бірақ адамнан-адамға жұқпайтын көрінеді.

Аталған вирустың қоздырғышы – әлемдегі ең кішкентай вирус саналатын Dermaphilus. Көлемі кішкентай болғанымен, оның таралуы өте жылдам. Ауру көп жағдайда тірі ағзаның терісін зақымдаудан басталады. Оның қауіптілігі аурудың малдан-малға ғана емес, сонымен бірге адамдарға да тез жұғатындығында. Тіпті кейде мысық, ит секілді үй жануарлары да ауру салдарынан зардап шегуі мүмкін. Сол себепті аусылды диагностикалау әрі оның алдын алу мәселесі бүгінгі таңда өте өзекті. Ауру малдан-малға тез жұғып, бүтін бір шаруа қожалығындағы мал өліміне де әкеп соқтырып жататын кездер болады. Мал ұстайтын шаруа сан соғып қалмас үшін аурудың алғашқы белгілеріне мұқият назар аударғаны дұрыс.

АУРУДЫҢ НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІ

— Мал шаршаңқы болып, жем-шөпке қарамай жатып қалады;

— Дене қызуы көтеріледі (бірақ тез басылады);

— Іш өту белгілері байқалады;

— Ақсап, алдыңғы аяғы жүрмей қалады (бұл әсіресе ірі қара малға қатысты);

— Күйіс қайтаруы азаяды;

— Сілекейдің бөлінуі артады;

— Кей жағдайларда мал аузын аша алмай қалады.

ДЕРТ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Әр жануарда бұл ауру әр түрлі өтеді. Мәселен, ірі қара малда жасырын түрде ауру 1-3, тіптен кейде 7-20 тәулікке дейін өтуі мүмкін. Мұндай кезде оларда ешқандай өзгеріс байқалмайды. Бірақ вирус ақырындап оны жеңе бастайды. Мал күйіс қайтармай, жүрек соғысы жиілей бастайды. 2-3 тәулікте малдың ауыз қуысында, тілінде, жақ бұлшық еттерінде, еріндерінде бөртпелер пайда болады. Ауыр жағдайларда мұндай жаралар тұяқ арасына және желіндеріне шығады. Кей кезде мал аяқ басып жүре алмай ақсап қалады. Жаралардың орны күлдіреп қалады. Бұл күлдіреуіктер 12-24 сағаттан соң жарылып, орнында тағы да жара пайда болады. Бұл уақытта малдың дене қызуы қалпына келеді. Бірақ сілекей бөлінуі азаймайды. Аузынан көбік ағады. Ауру асқынған жағдайда, олардың мүйізі де зақымдануы мүмкін. Сүтті сиырларда күлдіреуіктер желінге дейін зақымдап, сүт каналдарын жауып тастайды.

Бұл тіпті сүт құрамына да әсер етіп, сүттің дәмі қышқылдана түседі. Сүт каналдары жабылып қалған жағдайда, ол маститке айналып кетеді. Мұндай жағдайларда сиырдың өнімділігі 60-75%-ға дейін азайып кетеді. Оның бұрынғы қалпына келуіне кейде тіпті бірнеше ай кетеді. Сонымен бірге ауру асқазан жолдарына да әсер етеді. Асқынып кеткен жағдайда малдың жаппай қырылып қалу қаупі бар.

Сонымен, аусыл ауруымен ауырған сиырлардың дертін үш формада қарастырған жөн:

— жедел – үш аптаға дейін созылады, жоғары температура, қызба, қотырдың пайда болуымен жүреді;

— субакут – 20-25 күнге созылады, теріге тән бөртпелерсіз жүреді;

— созылмалы – өте сирек кездеседі, бөртпенің пайда болуымен және ремиссия кезеңдерімен айқын өршу белгілерімен сипатталады.

Аусылдың жеңіл түрімен ауырған сиыр 20 күннен кейін, ауыр кезеңімен ауырған сиыр екі айдан кейін қалпына келеді.

Аусыл вирусын қой малы жеңіл өткереді. Алайда оны қойдан байқау өте қиын. Олар аусылды жұқтырып бір айға дейін жүре беруі мүмкін. Ол анықталған кезде, бір емес, бірнеше мал аусылды жұқтырғаны анықталып жатады. Осылайша көп жағдайда аусыл бірнеше отар қойда бір-ақ анықталатын жағдайлар көптеп кездеседі. «Ветеринарлық өнеркәсіпте арнайы аусыл ауруына арналған әмбебап препарат жоқ. Сондықтан көп жағдайда емді ауру белгілерін жоюға бағыттайды. Ауырған малды бірден оқшаулап, астын таза ұстап, көп мөлшерде су береді. Мал тұрған қоражай үнемі тазартылып, желдетіліп тұрғаны жөн. Жазда шөп, қыста сапалы силос берген дұрыс. Тез қорытылатын тамақ беру керек. Көп жағдайда малдың ауыз қуысын марганец әлсіз ерітіндісімен (0,1%) немесе фурацилинмен (0,5%) өңдейді. Кей кездері мал дәрігерлері 2% концентрациядағы сірке қышқылын пайдаланып жатады. Ал қатты зақымданған малдардың жараларына мыс сульфаты, анестезин немесе новокаин араластырылған жақпамай әзірлеп, соны пайдаланады», – дейді мал дәрігерлері.

Расул МҰХАММЕД

«QH»