Болған ана кім болған?
Қазақ тарихындағы Болған ана кім болған? Жошы ханның қызы ма, жоқ, әлде келіні ме? Бұл сұрақтың жауабы Америка мен Жапония елінде жүргізіліп жатқан генетикалық сараптамалардың қорытындысынан кейін нақты белгілі болады. Археолог Түлкібай Төлеуовтің айтуынша, қазірдің өзінде бұл екі адамның бір-біріне туыс екені 90 процентке дәлелденген. Енді соңғы сараптама жақын күндері дайын болып, елге жеткізілмек.
Қазақ тарихында Алтын Орда дәуірінің маңызы зор. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Ұлытау өңіріне жасаған ресми сапарында Алтын Орда кезеңіне жататын кесенелерді кешенді түде зерттеп, насихаттауды тапсырған болатын. Осылайша 2018 жылы 4 бірдей мазарда қазба жұмыстары басталады. Шетелдік ғалымдармен бірлескен үш жылдық зерттеу нәтижесін берді. Тарихи ескерткіштердің барлығы Алтын Орда дәуіріне тиесілі екені, онда жатқан адамдардың жас ерекшелігі, әлеуметтік беделі анықталды. Соның бірі – Болған ана. Қазба жұмыстары кезінде Болған ананың жанынан шамамен 13-14 ғасырға тән құнды жәдігер – алтын тостаған табылған. Ыдыстың жан-жағы қошқармүйіз оюмен өрнектелсе, түбіне қызғалдақ бедерленген. Сондай-ақ, әйел адамның тұтас қаңқасы, аяқкиімі, әшекей бұйымдары, ер-тоқымы, қынды қылышы шыққан. Жалпы саны 10-нан астам жәдігер бар. Соған қарағанда, қорым 7-8 ғасыр бойы тоналмай сақталған. Мамандар табылған заттардың барлығының көшірмесін жасап, түпнұсқасымен бірге Қарағанды облыстық тарихиөлкетану музейіне қойды.
– Қазақстан тарихында толықтай қалпына келтірілген алғашқы баскиім Болған ананікі. Түпнұсқадан айыру мүмкін емес. Жаңғыртпаның тағы бір жаңалығы жібек шапанда. Бұл киім Алтын Орда дәуіріне тиесілі, әрі оның иесі хан әулетінің айналасынан екенін тағы бір дәлелдей түседі, – дейді археолог Айбар Қасенәлі.
Ең бастысы, отандық ғалымдар кесенеден табылған қаңқаға сүйене отырып, антропологиялық тұжырымдар негізінде Болған ананың мүсінін жасаған. Өте шебер әрі шынайы шыққаны соншалық, мүсінге жан біткен. Айтуларынша, гиперреализм әдісі Қазақстанда алғаш рет қолданылып отыр.
Асыл АЙБЕК,
QH