Жаңа мектеп пайдалануға берілді
Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Киікті ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. 150 оқушыға лайықталған білім ошағында енді 179 бала екі ауысыммен оқитын болады. Яғни, сұраныс бар. Болат жолдың бойындағы елді мекенде қазір мыңнан астам адам тұрады. Бұған дейін оқушылар ескі мектепке сыймай келген.
– Ескі мектеп апатты жағдайда болды. Әрі іші өте тар еді. Балалар үш ауысыммен оқитын. Ал асхана мүлдем болмады, дәретхана да далада. Жаңа мектепте осының барлығы ескерілген. Ұстаздар мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ, – деді мектеп директоры Жанар Смағұлова.
Екі қабатты жаңа мектеп екі блоктан тұрады. Іші толықтай заманауи қондырғылармен, құрылғылармен жабдықталған. 17 оқу кабинеті, лингафонды-мультимедиалық кабинет, шеберханалар, спорт залы, кітапхана, асхана, медициналық бөлме қарастырылған. Сондай-ақ, мектепалды даярлық сыныбы үшін 15 балаға арналған жеке кіреберіс жабдықталған. Олардың жеке ойын және оқу бөлмелері бар. Сәулеті келіскен ғимаратты Қызылорда қаласының құрылысшылары өте сапалы етіп салыпты. Енді ауыл балалары санитарлық талаптарды сақтай отырып үшінші тоқсанды жаңа мектепте бастайды. Оларға 35 мұғалім тәлім-тәрбие, білім береді. Бұл күні мектептің ашылу салтанатына келген облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов аймақ басшысының атынан білім мекемесінің ұжымына 10 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Асыл АЙБЕК,
«QH»