41 мың Қарағандылық жұмыспен қамтылды
Қарағанды облысында биыл ұлттық жобалар аясында 25 148 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларымен өңірдің 41 мың тұрғыны қамтылатын болады.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 721 түлек жұмысқа орналасса, 2 959 адам қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондай-ақ, өңірде халықтың осал топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындары құрылады. Барлығы 300 адам жұмысқа орналасады. 238 үміткерге алғаш жұмыс орны ұсынылмақ.
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жұмыс істейді. Бұл – зейнеткерлік жасында жұмыс істеп жүрген қызметкерді еңбек демалысына шығарып, жұмысқа орналастыру. Осы жоба аясында өңірде биыл 34 адам жұмысқа орналасады. Зейнет жасына дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасы 534 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастар арасында конкурстық негізде гранттар ойнатылды. Барлығы 755 грант қарастырылған, – деп атап өтті Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар.
Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін 1 250 адамды бизнес негіздеріне оқыту жоспарлануда, 433 микрокредит берілетін болады. Бүгінгі таңда электронды еңбек биржасында 4 188 бос жұмыс орны қарастырылған.
— Бос жұмыс орындарын таңдау үшін жұмыссыз азамат Enbek.kz порталы немесе қалалар мен аудандардың халықты жұмыспен қамту орталықтарынан, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктерінен бос орындар туралы ақпарат алуы керек, – деді басқарма басшысының орынбасары.
ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ