Биыл тұрғынүй бағасы өсуі мүмкін

Құрылыс саласын дамыту туралы Жеңіс Қасымбектің басшылығымен өткен аппараттық онлайн-кеңесте айтылды. Өңірдегі құрылыстың негізгі түрлері әлі де жол, өнеркәсіп объектілері, тұрғынүй ғимараттары және өзге де құрылыстар болып отыр. Құрылыс материалдарының қымбаттауына қарамастан тұрғынүй көлемі өсуде, ал 2022 жылы кредиттік тұрғынүйдің жаңа бағдарламалары іске қосылады деп күтілетінін атап өтті өңір басшысы.

– Биыл құрылыс саласы проблемаларға тап болды, – деп еске салды Жеңіс Қасымбек. – Бұл пандемия салдары, құрылыс материалдарының, әсіресе металл конструкцияларының қымбаттауынан болды. Сонымен қатар, тұрғынүй бағасы көтеріле бастады. Осыған қарамастан, құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25-26%-ға өсті. Біз облыста тұрғынүйге үлкен сұраныс бар екенін көріп отырмыз. Әзірге баға облыс орталығында бір шаршы метр үшін 180 мың теңге, басқа елді мекендер үшін 142 мың теңге деңгейінде тұр. Келесі жылдан бастап құрылыс материалдарының объективті нақты құнын ескере отырып, бағасы біршама артады деп күтеміз. Сонымен қатар, несиелік тұрғынүй бойынша бірқатар жаңа отандық бағдарламалар іске қосылуда, соның ішінде жастар үшін көп мүмкіндік бар. Арнайы осы жобаларға қатысты облыстық бюджетте қаражат қарастырылған. Тағы бір бағдарлама Қарағандыда және төрт серіктес қалада жұмыс істейтін кенші-металлургтер үшін кредиттік тұрғынүйге қатысты болмақ.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаев:

– 2021 жылдың қаңтар-қараша айларындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 381,2 миллиард теңгені құрайды. Бұл ретте салынып жатқан объектілердің негізгі түрлері жолдар, өнеркәсіп объектілері, тұрғынүйлер және өзге де құрылыстар болып қала береді. Тұрғынүй құрылысына инвестициялар өткен жылдың 11 айында 63 миллиард теңгені құрады, жыл сайын 2-ден 2,5 мыңға дейін кезекте тұрғандар пәтер алады.

Тұрғынүй ауылда да салынуда. Бұл ауылдық жерлерге мамандарды тартуға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашады, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартады. Жалпы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында Қарағанды облысында 7,8 миллион шаршы шақырым тұрғынүй пайдалануға берілді. Бұл – 80 мың пәтер, – деп бөлісті.

– Құрылысқа басқа қызмет салаларына қатысты қаражат бөлуге келетін болсақ, мұнда білім беру саласы көш бастап тұр, оған 2021 жылы 4,7 миллиард теңге бөлінді. Одан кейін денсаулық сақтау – 3,2 миллиардқа жуық, мәдениет пен спорт – 2,3 миллиард, ал соңғы орында ветеринария – 188 миллион теңге, – деп нақтылады Абзал Жайлыбаев.

Құрылыс индустриясында 2010-2021 жылдары 15 ірі жоба іске асырылды, оларға бөлінетін инвестиция сомасы 25 миллиард теңгені құрады. Аппараттық жиналыста жоспарланған ірі жобалардың ішінде «Saryopan Operating» әк өндіру кәсіпорны және «Hebei Huatong» кабельдік өнімдер зауыты аталды.

Ермағанбет Бөлекпаев 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында Қарағандыда 296 507 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, құрылыс жұмыстарының көлемі 123 миллиард теңгені құрағанын айтты. Жыл қорытындысы бойынша тағы 411 286 шаршы метр пайдалануға берілмек, ал келесі жылы жеке тұрғын үй үшін 300 жер учаскесі дайындалып, бірінші тоқсаннан бастап жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Темірбетон кірпіш зауытын салу қажеттілігі бар: мұнда қала басшысы инвесторларды іздейтінін атап өтті.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»