Ерлікпен қаза тапқандардың жақындары марапатталды
Қызметтік борышын атқарудағы ерлігі мен адалдығы үшін ел Президентінің Жарлығымен қарағандылық Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаров қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ұлттық ұландар Талдықорған мен Қызылордада құқықтық тәртіпті қалпына келтіру кезінде қаза тапты.
Мемлекет басшысының атынан марапатты қаза болғандардың туған-туыстарына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек табыс етті.
– Бейбіт күнде жауынгерлеріміздің қазасы – барлығымыз үшін үлкен қайғы. Отанымыздың қорғаушылары, өмірінің соңына дейін заңға және Қазақстан халқына қызмет еткендердің есімі әрдайым есімізде болады. Біз үшін Айбат пен Мадияр мәңгі ерлік пен абыройдың үлгісі болып қала береді, – деді Жеңіс Қасымбек. – Олардың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының тарихында алтын әріптермен жазылады.
Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Әлібек Сералиев және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының жетекшісі, полковник Сакентай Шекарбеков қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына лайықты ұл тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.
– Отанымыздың лайықты батырларын тәрбиелеген сіздерге шын жүректен алғыс білдіріп, қайғыларыңызға ортақ екенімізді айтамыз. Бейбіт уақытта ұлынан айырылу – орны толмас қасірет. Бірақ, біз сіздердің ұлдарыңыз сияқты жауынгерлердің құқық қорғау әскерлерінің қатарында қызмет еткенін және қызмет етіп жатқанын мақтан тұтамыз. Олар қарапайым азаматтарды және мемлекетімізді, Отанымызды жаулап алуға тырысқан зұлым жаудан қорғады. Олар біз үшін әрқашан нағыз ерлік пен Қазақстанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болады, – деді Әлібек Сералиев. Бұдан кейін Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері атынан қаза тапқан сарбаздардың туыстарына 7 млн теңгеден табыстады.
Айбат Аманов 2003 жылы Атасу кентінде дүниеге келген, ҚР Ұлттық гвардиясында, Талдықорған қаласының №5514 әскери бөлімінде қызмет еткен.
Мадияр Қайсаров 2002 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген, ҚР Ұлттық гвардиясында, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Қызылорда қаласының №5547 әскери бөлімінде қызмет атқарған.
Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.