Утилизациялық алымның мөлшері қайта қаралады
«Оператор «РОП-тың» утилизациялық алымға иелік етуін тоқтатып, оны мемлекеттік ұйымға беру керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев автокөліктер үшін төленетін утилизациялық алымның мөлшерін қайта қарап шығуды тапсырды. «Үкіметке утилизациялық алымды және «Оператор «РОПтың» сол утилизациялық алымды иелік етуін тоқтату бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырамын. Бұл жұмыспен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы қажет. Ал алымның өзіне келер болсақ, оның мөлшерін қайта қарау қажет», – деді Тоқаев Мәжіліс отырысында.
Осы орайда мемлекет басшысы автомобиль өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы көліктерін құрастыру саласын қолдау шараларын жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті. «Бұл мәселені бизнес және қоғаммен конструктивті тұрғыда жанжақты талқылап шыққан жөн. Ал отандық автокөліктер мен ауылшаруашылығы техникасын сатып алатын адамдарға утилизациялық алымның есебінен ваучерлер беруді қарастырған дұрыс», – деп атап өтті Президент.
Утилизациялық алым айлық есептік көрсеткішке байланысты өседі. Биыл АЕК мөлшері тағы ұлғайған болатын. Республикада 2016 жылдан бері автокөлікті елге кіргізу үшін міндетті утилизациялық алым төленеді. Утилизациялық алымды автоөндірушілер, ресми импорттаушылар және Қазақстанға көлік кіргізгісі келетін жеке тұлғалар төлеуге міндетті. Алым техниканы есепке қойғанға дейін төленеді. Экология министрлігінің мәліметінше, 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін өндірушілерден 614 миллиард 488 миллион теңге утилизациялық алым түскен. Утилизациялық алымды есептеу үшін коэффициентті (қозғалтқыш көлемі мен көлік категориясына байланысты) базалық ставкаға (мөлшері АЕК-ке байланысты) көбейтеді. Базалық ставка 50 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 2022 жылы 1 АЕК 3 063 теңгеге тең.
Осылайша 2022 жылы базалық ставканың мөлшері 153 150 теңге деңгейінде белгіленді. Мәселен, 2022 жылы жеңіл автокөлік үшін (қозғалтқыш көлемі 1 000 см³) утилизациялық алым 459 450 теңге, ал қуаты 400 ат күшіне тең комбайн үшін 13 783 500 теңге болды. Айта кетері – Қазақстанда жеңіл көліктерге арналған утилизациялық алым 2016 жылы енгізілген болатын. Ал 2019 жылы ауылшаруашылығы техникасына қолданыла бастады. «Оператор «РОП-тың» бес жылдық жұмысы нәтижесінде 579 миллиард теңгенің утилизациялық алымы төленді.
Расул МҰХАММЕД,
QH.