Жаңа жылдан бастап қоғамдық көлік төлемдеріне өзгеріс енеді
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір айға алынатын 6 000 теңгелік қағаз жол жүру билеттері жарамсыз болады. Жаңа жылдан бастап бір айға жол жүру билетін тек ONAY! мобильді қосымшасында сатып алуға болады. Қосымшаны IOS және Android жүйелерінде жүктеуге болады. Жол жүру картасын басқа жолдармен іске қосу жұмыс істемейді.
«Жол жүру билетін іске қосу үшін өзіңіздің көлік картаңыздың балансын 6 000 теңге сомаға толтыру қажет. Бұл ретте картада 1 сапардың құны болуы керек, яғни 6 080 теңгеден кем болмауы тиіс. Жол жүру билетін белсендендіру үшін мобильді қосымшаның «төлемдер» бөліміне, одан әрі «жол жүру билеттері» бөліміне кіріп сатып алуға болады. Аталмыш жол жүру билеті күнтізбелік бір ай ішінде қалаішілік маршруттарда шектеусіз жол жүрулер санын береді. Еске сала кетейік, жол жүру билетін пайдалану көлік картасын терминалға қосқан кезде ғана мүмкін болады. Сатып алынған жол жүру билеті қайтарылмайды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап азаматтар мен зейнеткерлердің әлеуметтік санаттары үшін де қағаз жол жүру билеттері жарамсыз болады.
Жеңілдік карталарын айырбастау науқаны 5 қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Айырбастауға үлгермегендерге ОNAY! филиалдарына хабарласуды ұсынамыз. Келесі мекенжайлар бойынша жеңілдік карталарын рәсімдеуге және алуға болады:
– ONAY! қызмет көрсету орталығы: Коммунальный көшесі, 3;
– Open Karaganda: Назарбаев, 39;
– «Таир» СҮ: Бұқар жырау, 88/2;
– «Раха» СҮ: Мұқанов, 9;
– «Ұмай» СҮ: Карл Маркс, 9;
– «Жаңа Майқұдық» МҮ: Магнитогорск, 19;
– «Молодежный» МҮ: Металлистер көш., 24/2;
– Халық банкінде: Мануил, 17а
Сондай-ақ, қалалық әкімдік 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап 80 теңгеге көлік картасымен, 150 теңгеге қолма-қол ақшамен жол жүру төлемін қарастыратын сараланған тариф жұмыс істейтінін хабарлайды.
Жолақы төлеудің электронды жүйесі қалааралық маршруттарда жұмыс істемейтінін қосымша хабарлаймыз: №107, №121, №122, №127, №146, №165.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»