2022 жылы еңбекақы мен төлемдер қалай өзгереді?

Қазақстанда 2022 жылы айлық есептік көрсеткіштің 146 теңгеге өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар мөлшері өзгереді деп күтілуде.

 

«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 Қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы қабылданды.

Үкімет Қаулысына сәйкес, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдары педагогтерінің тарифтік мөлшерлемелері 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,25 мөлшерінде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5 мөлшерінде, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75 мөлшерінде, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,0 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

Медицина және фармацевтика жұмыскерлерін қоспағанда, мемлекеттік ұйымдардың – стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық — әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының – басқарушы, негізгі персоналдары жұмыскерлерінің тарифтік мөлшерлемелері 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5 мөлшерінде, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75 мөлшерінде, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,0 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

Медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің тарифтік мөлшерлемелері біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандарға (А блогының басқарушы персоналы, В1, В2 блогының негізгі персоналы) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,02 мөлшерінде, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,63 мөлшерінде, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,73 мөлшерінде.

Біліктілігі жоғары және орта деңгейдегі мамандарға (В3, В4 блогының негізгі персоналы) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,63 мөлшерінде, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,95 мөлшерінде, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,05 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

Азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар жұмыскерлерінің тарифтік мөлшерлемелері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,23 мөлшерінде, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,45 мөлшерінде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,71 мөлшерінде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,0 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

«Осы қаулы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледі және ресми жариялануға тиіс», – делінген құжатта.

Сонымен қатар, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң бойынша, 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер де ұлғаяды. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгені құрайды . Айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңге. Жалақының ең төменгі мөлшері 60 000 теңгеге дейін өседі. Осының бәрі зейнетақылар, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің ұлғаюына алып келеді. Жасы бойынша ең төменгі зейнетақы толық жұмыс өтілі болған жағдайда оны 2022 жылы тағайындайтындар үшін 46 302 теңге болады. Ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 19 450 теңге.

Мүгедек балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін өседі.

Сондай-ақ мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Қазір мүгедектігі бар балалар, ата-аналары ажырасқан кезде, бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Алайда бір немесе екі ата-ана қайтыс болған кезде, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады.

Асыраушысынан айырылу және мүгедектік жағдайы бойынша айлық жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан тағайындалады.

Бұдан басқа, ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әсер етеді, ол тиісінше өседі.