ӘЛЕМДІ ТАҢҚАЛДЫРҒАН «БЕС МАЙМЫЛ» ЭКСПЕРИМЕНТІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Барлығы дүкендегі әңгімеден басталды. Сатушының баласы болуы керек, әкесімен боқтасып тұр. Қазақы боқтық болса жарады (біздікі, негізінен, былапыт сөзден гөрі шарасыздықтан шыққан шындық сөзге жақын). Өзгенің қаңсығын «құсып» жатыр. Өзі шынашақтай ғана. «Әй, мына бала қайтеді?» – дегенімше болған жоқ: «Ақылыңды өз балаңа айтарсың», – десін әлгі сатушы. «Үйреткен ақылың осы болса, жараған екенсің» дедім іштей. Өзіне айтсам, өршігелі тұр.

Міне, біздің қоғамның бейнесі осы диалогте. Әлемдік ақпарат, яғни киносы яки БАҚ – барлығы қоғамды эго жүйесіне әкелді. Әлгі сатушы да, мына мен де сол эгоның құрбанымыз. Оның түйіні: «өзім білемін». Өзімшілдік, менмендік қазаққа жат. Әсілі, барлық ұлтқа бөтен ұғым болуы керек еді.

Ағайынмен араз болу, есеп достық, пайдакүнемдік дегендер – өзімшілдіктің «жемісі». Бірігу дегенді ұмыттық. Мәселен, бизнеске келетін болсақ, қазақ бірігіп бизнес құрудан қорқады. Сенбейді. Немесе бизнес құрғанын қаламайды. «Биікке бірігіп емес, жеке-дара шыққан дұрысырақ» деген пайым жасайды. Бірақ сол пайымнан да нәтиже шығармайды-ау. Тағы да не? Эго жүйесінің нәтижесі.

Елдің дамымай отырғанының басты себебі де осында. «Өзім ғана» деген жерде ауқымды даму болмайды. Сараңдық барда ниет тар келеді. Ниет жоқта береке жоқ. Жемқорлықтың қайдан туындағанын енді аңдай беріңіз.

Жұрттың жан бағуы керек. Отбасын асырауы тиіс. Экономика төмендігі бас сауғалауға әкеп тірейді. Ел уақыт өте келе өзімшілдікке қалай тап болғанын білмей де қалды.

«Айтпақшы, үлкен кісіге орын беру жат қылық екен. Мұны ағылшын ғалымдары дәлелдеп шықты», – деді досым. «Қарияға орын беру оның мүмкіндігін шектеу болып саналады. Қарт адам үнемі қозғалыста болуы керек-міс. Сондықтан бұл дегеніңіз – қарияны мүсіркеу» дегенге саяды ғалымдардың қорытындысы. Сандырақ емей немене?! Бірақ осы сандырақ арқылы әлеммен «ойнап» отыр. Санаға шабуыл жасайды. Бұл – мейірімділік пен құрмет, жақсылық пен махаббатты мансұқ ету. Адамзат осы бағытпен кететін болса, әлгі қасиеттердің барлығы жойылмақ.

Қоғамдық сананы өзгертуге болады. Тек уақыт керек. Мейірімді адамдар бар. Бірақ кейде сол мейірімділік жақсы болып көріну үшін жасалатындай көрінеді.

Досым бірде «Бес маймыл» эксперименті туралы айтып берді.

…Темір торға бес маймыл жіберіледі екен. Ортаға саты қояды. Сатының үстінде жіпке ілінген жемістер салбырап тұрады. Сатыға шыққан маймылдар әлгі жемістерге қол соза бергенде, жоғарыдан мұздай су құйылады. Малмандай болған маймылдар жаурап қалады. Біраздан соң жеміске ұмтылған маймылға өзге маймылдар тосқауыл жасай бастайды.

Тастай су тоқтатылады да, маймылдардың бірі сыртқа шығарылады. Оның орнына еш нәрседен хабары жоқ басқа бір маймылды кіргізеді. Торға кірген маймыл жемістерді көрген бойда солай ұмтылады. Бірақ бұрынғы төрт маймыл оны жібермей, ұра бастайды. Содан соң су болған маймылдың тағы бірі шығарылып, орнына басқа маймыл кіргізіледі. Ол да жемістерге жүгіріп, өзге маймылдардан таяқ жеп тынады. Бір қызығы, маймылды ең аяусыз сабаған алдында ғана кірген маймыл болып шығады. Әлгінде ғана өзі еш себепсіз таяқ жеген еді. Суға жаураған маймылдың тағы бірін сыртқа шығарады. Оның орнына кірген маймыл жеміске ұмтылып, өзге маймылдардан ол да қатты таяқ жейді. Бұл маймылды да ең қатты сабаған – сырттан кірген екі маймыл. Шындығына келгенде, олар сырттан кірген үшінші маймылды не үшін сабап жатқандарын да білмейді. Сөйтіп, бірінші топтағы маймылдардың барлығы да басқа маймылдармен ауыстырылады. Саты үстінде ілулі тұрған жемістерді барлығы да ұмытады. Олар тек сырттан кірген маймылды сабаумен болады. Неліктен деп ойлайсыз?

Өйткені мұнда осындай дағды қалыптасқан. Бұрынғының жолы солай. Сатушы да сол маймыл кейіптес. Әлгіндей сөз айтады, бірақ оны не үшін айтқанын білмейді.

Адамзаттың үлкен эксперимент құрбанына айналғалы қай заман. Антиэксперимент жасайтын кез жеткеніне де бірталай ғасыр болды. Әлем қауқарсыз, әлде ниет жоқ.

Қасым «Өзім туралысын» 7 жыл жазған екен. Өзің туралы пайым қалыптастыру үшін өзгені, жақыныңды, маңайынды, қоғамды, әлемді тануың керек. Танығаннан кейін барып Қасым «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» депті.

Бірігу керек. Мүмкіндік бар ма, өзгеге мүмкіндік бер. Өзгенікінің өзіңе айналып келетіні – табиғи заңдылық.

Ерболат ҚУАТБЕК

«QH»