Ғылымға ғұмырын арнаған ғалым

  Қарағандыда белгілі ғалым, филология ғылымдарының профессоры Жандос Смағұловтың 70 жылдық мерейтойына және кафедраның ғылыми мұрасына арналған «Қазіргі қазақ әдебиеттануы: ғылыми проблемалар, зерттеу аспектілері» атты халықаралық ғылыми жиын өтті.

Ауқымды басқосуға еліміздің жоғары оқу орындарынан жетекші ғалымдар мен Түркия, Ресей және Өзбекстаннан келген шетелдік зерттеушілер қатысты. Ғылыми шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды. Пленарлық отырыста түркітілдес әдебиеттанудың жаңа парадигмалары, Алаш мұрасы, ұлттық зерттеу әдіснамасы және қазіргі қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар ғылыми ой-пікірлерімен бөлісіп, отандық әдебиеттану ғылымының даму бағыттарын саралады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Өмірхан Әбдиманұлы мерейтой иесінің ғылымға деген адалдығы мен шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін ерекше атап өтті.

— Жандос Смағұлов ғылымға шын берілген, шәкірт тәрбиелеудің қыр-сырын жетік меңгерген ғалым. Бүгін баяндамаларымызды оқып, ой бөлісіп, кафедра мерекесі мен мерейтойды жоғары деңгейде атап өттік, – деді профессор Өмірхан Әбдиманұлы.

Жандос Қожахметұлының ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегі зор. Ол ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын ғылыми ізденіске арнаған. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихын алғаш жүйелеген бірегей зерттеуші ретінде танылған ғалымның қаламынан алты монография, жиырмадан астам оқулық пен оқу құралы жарық көрген. Бүгінде бұл еңбектер жоғары оқу орындарында мамандар даярлауға арналған негізгі оқу материалдары ретінде пайдаланылып келеді. Мерейтой аясында ғалымның жаңа «Жаһат» кітабының тұсаукесері өтті. Парсы тілінен аударғанда «үлгі», «өнеге» деген мағынаны білдіретін туынды – автордың өмір жолын баяндайтын автобиографиялық эссе. Кітапта балалық шағы, студенттік кезеңі, 43 жыл еңбек еткен қазақ әдебиеті кафедрасының тарихы және ұстазы Тұрсынбек Кәкішұлы туралы естеліктер қамтылған.

— Жетпіс жас мерейтойыма орай «Жаһат» атты кітабымды жарыққа шығардым. Бұл – өмір жолым, ұстаздарым мен еңбек еткен ортам туралы естеліктер жинақталған автобиографиялық эссе, -дейді профессор, ғалым Жандос Смағұлов.

Ғалымның ұстаздық қызметі де айрықша құрметке лайық. Ол осы уақытқа дейін екі филология ғылымдарының кандидатын және 23 магистрді тәрбиелеп шығарған. Оның шәкірттері бүгінде ғылым мен білім саласында еңбек етіп жүр. Салтанатты шара соңында университет ұжымы мен әріптестері мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгілері мен Құрмет грамоталарын табыстады. Сондай-ақ аудан әкімдіктері мен облыстық басқармалар тарапынан құттықтаулар жолданды. Ғалымның мерейтойына арналған халықаралық жиын – бір адамның еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, қазақ әдебиеттану ғылымындағы сабақтастық пен ұстаздық өнегенің маңызын айқындаған тағылымды басқосу болды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»