SAGINOV TECHNICAL UNIVERSITY АЗИЯНЫҢ ҮЗДІК 300 УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық білім кеңістігіндегі беделін нығайтып келеді. QS Asia University Rankings 2027 беделді халықаралық рейтингінің жаңа нәтижелері бойынша университет 10 сатыға жоғарылап, 293-орынға тұрақтады. Осылайша, Saginov Technical University Азиядағы ең үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына енді.

QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі жариялаған рейтинг нәтижелері университеттің тұрақты даму бағытын, білім беру мен ғылым саласындағы әлеуетін және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айқындай түсті.

Бір жыл ішінде университет 303-орыннан 293-орынға көтерілді. Бұл жетістік рейтингтегі орынның жақсаруымен ғана шектелмейді. Университеттің жалпы бағалау көрсеткіші 40,7 балдан 44,3 балға дейін өсіп, 8,8 пайызға артты. Мұндай оң өзгеріс білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.

Бұл жетістіктің маңызын халықаралық бәсекелестіктің ауқымы да айқындайды. Биыл QS Asia University Rankings рейтингіне Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 университет енді. Олардың қатарында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және өзге де мемлекеттердің әлемге танымал жетекші жоғары оқу орындары бар. Қатысушылар саны артып, бәсекелестік күшейген кезеңде Saginov Technical University-дің жоғары нәтижеге қол жеткізуі университет үшін маңызды белес болды.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының көрсеткіштері де бұл жетістіктің салмағын арттыра түседі. QS деректеріне сәйкес, рейтингке екі жыл қатарынан қатысқан еліміздің 44 университетінің тек 14-і ғана өз орнын жақсарта алған. Солардың қатарында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің болуы оның халықаралық білім нарығындағы орны нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Ұлттық деңгейде Saginov Technical University рейтингке енген Қазақстанның 51 жоғары оқу орны арасында 12-орынды иеленді. Сонымен қатар университет Азияның үздік 300 жоғары оқу орны қатарына кірген еліміздегі 13 университеттің бірі атанды. Бұл нәтиже STU-дың отандық инженерлік-техникалық білім беру жүйесіндегі маңызды орнын және жоғары білікті мамандар даярлаудағы әлеуетін айқындайды.

Бүгінде Saginov Technical University білім, ғылым және өндірісті өзара ұштастырған заманауи ғылыми-білім беру орталығы ретінде дамып келеді. Университеттің негізгі басымдықтары қатарында еңбек нарығының сұранысына сай инженерлік кадрлар даярлау, озық технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру және халықаралық академиялық байланыстарды кеңейту бар. Өнеркәсіп кәсіпорындарымен тығыз серіктестік орнату, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру да осы бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі саналады.

QS Asia University Rankings университеттерді 11 негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды. Олардың қатарында академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы түлектерге деген сұраныс, білім беру ортасының сапасы, ғылыми жарияланымдар мен олардың дәйексөз алу деңгейі, халықаралық ғылыми ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық бар. Бұл өлшемдер жоғары оқу орындарының білім беру сапасын ғана емес, олардың ғылымға, экономикаға және халықаралық академиялық қауымдастыққа қосқан үлесін де бағалауға мүмкіндік береді.

Азияның үздік 300 университетінің қатарына ену Saginov Technical University үшін халықаралық деңгейдегі маңызды жетістік әрі таңдаған даму бағытының нәтижелілігін көрсететін көрсеткіш болды. Ғылыми және академиялық әлеуетін арттырып, халықаралық серіктестігін кеңейтіп, экономиканың нақты секторына қажетті білікті мамандар даярлауға басымдық берген университет өңірдегі жетекші инженерлік білім беру және қолданбалы ғылым орталықтарының бірі болу жолында сенімді қадам жасап келеді.

Азия бойынша 293-орын, Қазақстанда 12-орын және бір жылда 10 сатыға жоғарылау. Бұл көрсеткіштер Saginov Technical University-дің халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, алдағы дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды жетістік.