Отандық стоматологияға тың серпін беретін жаңа материал
Қолжетімді стоматологиялық қызмет көрсетуге жол ашатын жаңа материал әзірленуде. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Нұрғали Жәнікұлов төрт жылдан бері тіс пломбалауға және протездерді бекітуге арналған цементтің құрамын зерттеп келеді. Ғалымның мақсаты – сапасы жоғары, бағасы қолжетімді отандық өнім жасап, қымбат шетелдік материалдарға балама ұсыну.
Жаңа цементтің құрамына фосфат цементі, фосфор шлактары мен өнеркәсіптік өндіріс қалдықтары кіреді. Дегенмен шикізатты пайдаланбас бұрын оның қауіпсіздігі мұқият тексеріледі. Атап айтқанда, материал құрамындағы радионуклидтердің мөлшері зерттеледі. Бұл – әзірлемені тәжірибеде қолдануға дайындаудағы маңызды кезеңдердің бірі.
Ғалымның айтуынша, стоматологиялық материалдардың құны емдеу қызметінің жалпы бағасына тікелей әсер етеді. Сондықтан отандық өнім өндіру импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға да ықпал етуі мүмкін.
– Стоматологиялық цемент тіс протездерін бекітуге және тістердегі бос орындарды толтыруға арналған. Оны әртүрлі көлемдегі жұмыстарға пайдалануға болады. Қазіргі таңда бір тісті емдеуге 20-25 мың теңге жұмсалуы мүмкін. Отандық материалдарды енгізу стоматологиялық қызметтердің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді Нұрғали Жәнікұлов.
Алдын ала есептеулер бойынша, жаңа материалдың өзіндік құны шетелдік баламалардан төмен болуы мүмкін. Ғалым оның беріктігін де арттыруға басымдық беріп отыр. Алайда әзірлемені медициналық тәжірибеге енгізу үшін қосымша зерттеулер жүргізіліп, қажетті сынақтардан өтіп, тиісті рұқсаттар алынуы керек.
Зерттеушінің ғылыми ізденістері стоматологиямен ғана шектелмейді. Ол атом энергетикасы саласында қолдануға арналған күкірт негізіндегі полимерлі цемент әзірлеу бағытында да жұмыс істеп жатыр. Болашақта бұл материал атом энергетикасы нысандарында қорғаныс тосқауылы ретінде пайдаланылуы ықтимал.
Нұрғали Жәнікұлов – Қазақстан тәуелсіздігімен құрдас, 32 жастағы ғалым. Оның ғылыми жобаларын дамытуға мемлекеттік қолдаудың да ықпалы бар. Соның бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» президенттік гранты. Бұл бастама жас зерттеушілерге өз идеяларын жүзеге асырып, ғылыми ізденістерін тәжірибе жүзінде сынауға мүмкіндік береді.
– Біз Тәуелсіз Қазақстанның құрдастарымыз. Мемлекет пен Үкімет тарапынан жұмыс істеуге қажетті мүмкіндіктер мен қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы жас ғалымдар мен мамандарға ерекше көңіл бөледі. Ғылыми-зерттеу жұмысымызды жалғастырып, елімізге пайдалы жаңалықтар ашқым келеді, – дейді ғалым.
Университетте медицина мен өнеркәсіпке қажетті өзге де жаңа материалдар әзірленіп жатыр. Олардың қатарында менискті протездеуге арналған материалдар бар. Мұндай жобалар отандық ғылымның әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге жол ашады. Ал стоматологиялық цемент сәтті сынақтан өтіп, қолданысқа енгізілсе, бұл отандық медициналық материалдар өндірісін дамытуға және емдеу қызметтерінің құнын төмендетуге үлес қоса алады.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

