«Электрондық СЭН базасы: санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды цифрландыру»
ИС СЭН – жай ғана электрондық база емес. Бұл – санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы мемлекеттік процестерді цифрландыруға арналған ақпараттық жүйе. Жүйенің негізгі мақсаты – санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы ақпаратты электрондық форматта жинақтау, өңдеу және пайдалануды қамтамасыз ету. Бұрын санитариялық-эпидемиологиялық қызметте көптеген мәліметтер қағаз түрінде немесе әртүрлі ақпараттық ресурстарда жүргізілді. Ал цифрландырудың негізгі мақсаты — қажетті ақпаратты бір электрондық ортада қалыптастыру.
ИС СЭН арқылы: санитариялық бақылау объектілері туралы ақпаратпен жұмыс жүргізіледі; субъектілер туралы мәліметтер жинақталады; объектілердің санитариялық-эпидемиологиялық мәртебесі туралы ақпарат қалыптастырылады; бақылау процестері автоматтандырылады; қажетті ақпаратты электрондық түрде іздеу және талдау мүмкіндігі беріледі. Сондықтан электрондық СЭН базасын санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің күнделікті жұмысын цифрлық форматта ұйымдастыратын негізгі құралдардың бірі деп айтуға болады.
Енді ең маңызды мәселеге тоқталайық. ИС СЭН жүйесінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын объектілер мен субъектілер туралы ақпаратпен жұмыс жүргізіледі. Мысалы: объектінің атауы; объектінің орналасқан мекенжайы; қызмет түрі; субъект туралы ақпарат; объектінің эпидемиялық маңызы; объектінің санитариялық-эпидемиологиялық мәртебесіне қатысты мәліметтер; өндірістік бақылауға қатысты ақпарат; қызметкерлерге қатысты кейбір мәліметтер; тиісті құжаттар мен бақылау нәтижелері. Яғни объект бойынша қажетті ақпарат электрондық форматта жинақталады. Бұл маманға қажетті мәліметті жылдам табуға және объект туралы толық ақпаратты бір жүйе арқылы көруге мүмкіндік береді.
ИС СЭН жүйесінің маңызды бағыттарының бірі – санитариялық-эпидемиологиялық бақылау объектілерін электрондық есепке алу. Кез келген объект бойынша оның негізгі сипаттамалары жүйеде көрсетіледі. Бұл жерде объектінің: қай жерде орналасқаны; қандай қызмет түрімен айналысатыны; қандай санатқа жататыны; эпидемиялық маңызы; субъект туралы мәліметтері сияқты ақпараттар қарастырылады. Электрондық есепке алудың басты артықшылығы – ақпаратты жүйелі түрде сақтау және қажетті кезде жылдам пайдалану. Электрондық СЭН базасында эпидемиялық мәні бар субъектілер мен объектілерге ерекше назар аударылады. Объектінің эпидемиялық маңызы оның халықтың денсаулығына ықтимал әсерімен байланысты. Сондықтан объектілерді тиісті санаттарға бөлу санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды ұйымдастыру кезінде маңызды.
Кәсіпкерлер үшін маңызды бөлімдердің бірі — өндірістік бақылау. Өндірістік бақылау – объектінің өзінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауы. Бұл бағыт Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалармен реттеледі. Өндірістік бақылаудың мақсаты – объектінің өзінде санитариялық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету және санитариялық тәуекелдердің алдын алу. Сондықтан кәсіпкер үшін маңызды қағида: санитариялық талаптарды мемлекеттік орган тексерген кезде ғана емес, күнделікті қызмет барысында сақтау қажет. Электрондық жүйе осы процестер туралы ақпаратты жинақтауға және бақылауға мүмкіндік береді.
ИС СЭН жүйесінің тағы бір маңызды бағыты – қызметкерлерге қатысты санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылау. Әсіресе халықпен тікелей жұмыс істейтін, балалармен, тағам өнімдерімен және басқа да эпидемиологиялық маңызы бар қызмет түрлерімен айналысатын адамдар үшін медициналық тексерулердің уақытылы жүргізілуі маңызды. Электрондық форматтың артықшылығы – қызметкерге қатысты қажетті ақпаратты жүйе арқылы бақылау мүмкіндігі. Мысалы, медициналық тексерудің мерзімі аяқталуына байланысты ақпаратты уақытылы бақылауға болады. Бұл кәсіпкер үшін де, қызметкер үшін де маңызды. Өйткені медициналық тексерулердің уақытылы өтуі — санитариялық қауіпсіздіктің негізгі талаптарының бірі.
Енді кәсіпкерлер үшін ең маңызды сұраққа тоқталайық. Неліктен кәсіпкер электрондық СЭН базасына назар аударуы керек? Себебі қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық бақылау біртіндеп цифрлық форматқа көшіп жатыр. Кәсіпкер өзінің объектісі бойынша жүйеде көрсетілген мәліметтердің дұрыс және өзекті болуына назар аударуы қажет.
Инабат Саламатқызы ҒАЛЫМОВА,
Қарағанды қаласы
Қазыбек би атындағы
ауданының санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының
эпидемиологиялық бақылау
бөлімінің бас маманы

