Қарағандыда Республика күніне орай патриоттық акциялар мен мерекелік шаралар өтеді

Қарағанды қаласы Республика күнін кең көлемде атап өтуге дайындалуда. Ұлттық мерекеге орай облыс бойынша 400-ден астам мәдени-көпшілік, патриоттық және спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде Қарағанды қаласында концерттер, патриоттық акциялар, сауда науқандары мен мерекелік бағдарламалар өтеді.

Мерекеге дайындық барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Алдағы күндері тұрғындарды түрлі мәдени іс-шаралармен қатар, әлеуметтік желілердегі патриоттық бастамалар мен отандық өнімдерді қолдауға бағытталған сауда акциялары да күтеді.

20 қазаннан бастап әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» челленджі мен «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы басталды. Оларға мәдениет және спорт қайраткерлері, жастар мен қоғам өкілдері қатысады. Бастамалардың мақсаты – азаматтардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Мерекелік бағдарламаның маңызды оқиғаларының бірі 23 қазанда Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтетін «Азат елдің асқақ рухы» атты концерт болмақ. Кеште италиялық тенор Уго Тарквини, қазақстандық орындаушылар AYREE, Ибрагим Ескендір мен Нұржас Садырбаев, GAISSIN ORCHESTRA ұжымының солистері және өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.

Қарағанды тұрғындарын мерекелік сауда науқандары да күтеді. Облыста «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары басталып, 27 қазанға дейін жалғасады. Әсіресе 21–27 қазан аралығында жеңілдіктер мен арзандатылған сатылымдар қарқын алады. Тұрғындар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды тиімді бағамен сатып ала алады. Акциялардың негізгі мақсаты – тауарлардың қолжетімділігін арттыру және отандық өндірушілердің өнімдерін қолдау.

25 қазанда Қарағанды қаласының орталық алаңында да Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран орындалады. Бұл күні облыстың өзге қалаларында да осындай салтанатты рәсімдер өтеді. Ал мерекелік демалыс күндері мәдениет үйлері мен спорт нысандарында концерттер мен жарыстар ұйымдастырылады.

Ұлттық мереке аясында облыстың бірқатар елді мекенінде жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Олардың қатарында Ақтоғай ауылындағы «Алаш орталығы», Қарқаралы ауданының Көктас ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Нұра кентіндегі Өнер үйі бар. Сонымен бірге медициналық, ветеринариялық және өртке қарсы қызмет нысандарының ашылуы жоспарланған.

Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің айтуынша, мерекелік бағдарламаға патриоттық бастамалармен қатар, облыстық деңгейдегі салтанатты іс-шаралар да енгізілген.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерекелік шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, олардың мазмұнына ерекше мән беруді тапсырды.

«Әрбір іс-шара мемлекеттілік, отансүйгіштік пен халық бірлігінің рухын айшықтап, мерекенің мәні мен маңызын кеңінен ашуға тиіс», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Республика күніне арналған ауқымды бағдарлама тұрғындардың мерекелік көңіл күйін көтеріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қоғамдық бірлікті нығайтуға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Еске сала кетейік Республика күніне орай қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады. Қазақстанның электрондық үкіметі порталындағы 2026 жылға арналған ресми күнтізбеге сәйкес, биыл 25 қазан жексенбіге сәйкес келетіндіктен, демалыс күні 26 қазан, дүйсенбіге ауыстырылады. Осылайша, бес күндік жұмыс аптасындағылар 24, 25 және 26 қазан күндері демалады. Алты күндік жұмыс аптасындағылар үшін демалыс күндері – 24 және 25 қазан.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»