Қарағандыда «Қауіпсіз үй» профилактикалық акциясы күшейтілген режимде өтуде

Тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміз бойынша «Қауіпсіз үй» профилактикалық акциясы ұйымдастырылуда. Оның аясында полиция қызметкерлері есепте тұрған азаматтардың мекенжайларын тексеріп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Қауіпсіздік әр адамның өз үйінен басталады. Алайда отбасындағы жанжал мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көп жағдайда жабық есіктің ар жағында қалып жатады. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары профилактикалық шараларды күшейтті. Акция барысында полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтардың үйлерін аралап, жағдаймен танысты. Тұрмыстық құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтарға қатаң ескертулер жасалды. Бұл шаралар жай ғана тексерумен шектелмей, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қарағандыда профилактикалық жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарын сақтау және қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамау қажеттігін түсіндіруде. ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың мәліметінше, акция аясында қаруы бар 11 мыңнан астам азамат тексеріліп, заңсыз сақталған 20 қару тәркіленген. Сонымен қатар екі мыңға жуық кездесу өткізіліп, азаматтардан шамамен 580 өтініш түскен. Әрбір өтініш міндетті түрде қаралады. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу тек полицияның бақылауына байланысты емес. Бұл – қоғам болып атсалысуды қажет ететін ортақ міндет. Сондықтан әрбір азамат айналасында болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамай, қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы керек. Полиция қызметкерлері тұрғындарды отбасындағы зорлық-зомбылыққа, жанжалға және өзге де құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда дереу хабарлауға шақырады. Ол үшін 102 нөміріне қоңырау шалуға болады. Уақытылы жасалған бір қоңырау ауыр зардаптың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Қауіпсіз қоғам құру – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА.

«QH»