Қарағандыда оториноларингологиядағы күрделі оталар жасалды

Қарағандыда алғаш рет эндоскопиялық стапедопластика және мұрын пердесіндегі көлемді ақауды пластикалық әдіспен жабу операциялары жасалды. Күрделі хирургиялық араласулар ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы дәрігерлерінің өңірге жұмыс сапары аясында жүзеге асырылды. Мамандардың айтуынша, мұндай операциялар жергілікті медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтіп, тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Алғашқы операцияны медициналық орталық ауруханасының бас оториноларингологы Талапбек Әженов жасады. Эндоскопиялық стапедопластика есту қабілетін жақсартуға бағытталған. Хирургиялық араласу шамамен 30 минутқа созылып, асқынусыз өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы.

Екінші операция мұрын пердесіндегі көлемді перфорацияны, яғни тіннің тесіліп, тұтастығы бұзылған бөлігін пластикалық әдіспен қалпына келтіруге арналды. Ота медициналық орталық ауруханасының оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Арман Нағымановтың қатысуымен жүргізілді. Ақаудың көлемі үлкен болғандықтан, хирургиялық араласу жоғары дәлдік пен мұқият жұмысты талап етті. Операция екі жарым сағатқа созылды. Мамандардың мәліметінше, мұрын пердесіндегі осындай көлемді ақауды пластикалық әдіспен жабу Қарағандыда алғаш рет орындалды.

Сапардың мақсаты күрделі операциялар жасаумен ғана шектелмеді. Дәрігерлер жергілікті мамандармен тәжірибе алмасып, кәсіби білімдерін ортаға салды. Арман Нағыманов мұрын маңы қойнауларын компьютерлік және магниттік-резонанстық томография арқылы диагностикалау тақырыбында дәріс оқыды. Кездесу барысында күрделі жағдайларды анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдері талқыланды.

– Қарағандыда күрделі, соның ішінде эндоскопиялық операцияларды орындайтын білікті мамандар жұмыс істейді. Біз үшін хирургиялық көмек көрсетумен қатар, әріптестерімізбен тәжірибе алмасу, кәсіби байланысты нығайту және өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру маңызды, – деді Арман Нағыманов.

Маманның айтуынша, алдағы уақытта Қарағанды мен Астанада бірлескен өңірлік конференциялар өткізу жоспарланып отыр. Мұндай кездесулер дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге, медициналық тәжірибені бөлісуге және жаңа емдеу әдістерін тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.

Медициналық орталық дәрігерлерінің көшпелі жұмыс күндері еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады. Жыл соңына дейін жоспарланған сапарлар жергілікті мамандардың тәжірибесін жетілдіруге, медициналық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрғындарға жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»