Тұмаудың алдын алуға екпе көмектеседі

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталды. Тегін иммундау үшін 2 миллионнан астам доза вакцина сатып алынды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, препараттың алғашқы партиялары төрт облысқа жеткізілген, қалған өңірлерге вакцинаны тарату 5 қазанға дейін жоспарланған.

Биыл тегін егілетін вакцина – Ресейде өндірілген «Гриппол». Ең алдымен екпе тұмауға және оның асқынуына бейім азаматтарға арналған. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің тұрғындары мен қызметкерлері, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.

Мамандардың айтуынша, маусымдық аурулар көбеймей тұрып, қазан айында вакцина алған тиімді. Өйткені екпеден кейін ағзада иммундық қорғаныстың қалыптасуына белгілі бір уақыт қажет.

Вакцинация тұмаудың алдын алуға, ауру жұқтыру қаупін төмендетуге және инфекцияның ауыр өтуі мен асқыну ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан дәрігерлер қауіп тобына жататын азаматтарды екпе алу мүмкіндігін пайдалануға шақырады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»