Жастарды қауіпті әдеттен қорғайық
Құмар ойынға тәуелділік – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның мәселесіне айналып отырған әлеуметтік құбылыс. Оның салдары отбасылық жанжалдан бастап қаржылық қиындықтар мен құқық бұзушылықтарға дейін ұласуы мүмкін. Сондықтан лудоманияның алдын алу, әсіресе жасөспірімдер арасында құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру – «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі.
Қарағанды қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектепте оқушылар мен ата-аналарға арналған профилактикалық кездесу өтті. Шара барысында мамандар құмар ойынға тәуелділіктің белгілері, интернеттегі бәс тігу мен ойын платформаларының қауіптері және оның құқықтық салдары туралы түсіндірді.
Қазіргі таңда интернет кеңістігінде оңай әрі тез ақша табуға уәде беретін жарнамалар көп. Құқық қорғау органдары мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Себебі құмар ойын бизнесінің негізгі мақсаты – ойыншыға тұрақты табыс әкелу емес, керісінше ойынға тарту. Ұтылған қаражатын қайтаруға тырысқан адам көбіне қарызға батып, қаржылық қиындыққа тап болады.
«Құмар ойын мәселесі бүгінгі таңда қоғамда жиі кездесетін мәселелердің біріне айналды. Әсіресе интернеттегі бәс тігу мен түрлі ойын платформаларының қолжетімді болуы жастар үшін қосымша қауіп тудырады. Сондықтан балаларға оның құқықтық және әлеуметтік салдарын ерте жастан түсіндіру маңызды. Құмар ойыннан оңай пайда табуға болады деген түсінік – жаңсақ пікір», – дейді Қарағанды облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі Әділет Рахым.
Мамандардың айтуынша, құмар ойынға тәуелділіктің зардабы адамның өзімен ғана шектелмейді. Қаржылық қиындықтар отбасы мүшелеріне де әсер етеді. Несие алу, қарызға ақша сұрау, отбасылық қаражатты ойынға жұмсау секілді әрекеттер уақыт өте келе күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін.
Бұл ретте сот орындаушылары да борыштық міндеттемелердің салдарымен бетпе-бет келеді. Қарыздың көбеюі, алимент төлемдерінің кешігуі және басқа да қаржылық міндеттемелердің орындалмауы отбасының әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді.
«Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – құмар ойынның адам өміріне әкелетін салдарын түсіндіру. Ойынға тәуелділік тек қаржылық мәселе емес. Оның артында отбасының берекесі, балалардың жағдайы және адамның әлеуметтік жауапкершілігі тұр. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алу үшін ата-ана мен баланың арасында ашық әңгіме болуы қажет. Құқықтық сауаттылықты арттыру да маңызды», – дейді Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының бөлім прокуроры Ибрагим Тоқтасын.
Құмар ойынға қызығушылықтың алдын алу мәселесі мектептер үшін де өзекті. Педагогтардың айтуынша, оқушылар арасында интернеттегі ойындар мен бәс тігуге қызығушылық танытатындар кездеседі. Сондықтан балаға тыйым салумен ғана шектелмей, оның қауіп-қатерін түсіндіру қажет.
«Біздің мектепте тәрбие жұмысы барысында оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа сыныптарда да интернеттегі ойындар мен бәс тігуге қызығушылық байқалатын жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай мәселені ерте анықтап, ата-анамен бірлесіп жұмыс жүргізу маңызды. Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортқа, шығармашылыққа және пайдалы ортаға тарту – алдын алудың тиімді жолдарының бірі», – дейді №19 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Имашев.
Кездесу барысында оқушылар мен ата-аналарға құмар ойынға тәуелділіктің белгілері мен интернеттегі қаржылық тәуекелдер түсіндірілді. Қатысушылар өмірлік жағдайларды талқылап, құқық қорғау органдары өкілдерінен өздерін және жақындарын мұндай қауіптен қорғау жөнінде кеңес алды.
Шараға прокуратура, полиция және әділет саласының мамандары қатысып, құмар ойын мен бәс тігуге байланысты құқықтық талаптарды түсіндірді. Сонымен қатар қаржылық сауаттылықты арттыру, интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеу және жасөспірімдердің онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Шараны ұйымдастырған Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасы мұндай профилактикалық жұмыстардың маңызын атап өтті. Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – заң бұзушылықтың салдарымен күресу ғана емес, оның алдын алу, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Ал құмар ойынның алдын алу – отбасы, мектеп, құқық қорғау органдары мен қоғамның бірлескен жұмысын қажет ететін бағыт. Жастарға дұрыс ақпарат беріп, олардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру арқылы қауіпті әдеттердің таралуына жол бермеуге болады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

