Аға буынға – айрықша қолдау

Қарағандыда Қарттар күніне орай аға буын өкілдеріне арналған мерекелік кеш ұйымдастырылды. Орталық саябақта өткен шарада зейнеткерлер бас қосып, сүйікті әуендеріне билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын бағдарламаға қатысты. Мұндай кездесулер қарт жандардың белсенді өмір салтын қалыптастырып, қоғаммен араласуына мүмкіндік береді.

Ашық аспан астындағы би сабақтары Қарағандының белсенді әрі өмірге құштар зейнеткерлерін тұрақты түрде біріктіріп келеді. Қатысушылар би үйреніп қана қоймай, таңғы жаттығуларға қатысып, түрлі тақырыптық номинациялар бойынша бақ сынайды. Ең бастысы – бұл ортада үлкендер бір-бірімен еркін араласып, жаңа достар тауып, бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік алады.

Шара жүргізушісі Ольга Савичеваның айтуынша, «50+» дискотекалары аға буын өкілдерінің көңілінен шығып, тұрақты кездесулерге айналған.

«Бізде үнемі «50+» би кешін өтіп тұрады. Бүгін Қарттар күнін атап өтіп жатқан бишілерімізді ардақтап, құттықтап, нағыз мереке сыйлағымыз келеді», деді Ольга Савичева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалардың әлеуметтік маңызы зор. Би кештері мен таңғы жаттығулар қарттардың белсенділігін арттырып, өзара қарым-қатынас орнатуына жағдай жасайды. Тұрақты кездесулер аға буын өкілдерінің күнделікті өміріне жағымды өзгеріс енгізіп, жалғыздықты сезінбеуіне ықпал етеді.

Шараға қатысушылардың бірі – зейнеткер Сабира Жүсіпова. Оның айтуынша, би кештері көңіл күйін көтеріп, күнделікті өмірдегі түрлі мәселелерден бір сәтке алаңдауға мүмкіндік береді.

«Би кештері маған жақсы көңіл күй сыйлап, белсенді болуға қолдау көрсетеді. Бүгінгі Қарттар күні құтты болсын, осындай жақсы шаралар жалғасын таба берсін», – дейді зейнеткер Сабира Жүсіпова.

Бүгінде таңғы жаттығулар, бачата сабақтары мен тақырыптық дискотекалар аға буын өкілдерінің тұрақты өмір салтына айналып келеді. Бұл – қарттардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың қоғамдық ортаға белсенді араласуына мүмкіндік беретін әлеуметтік бастамалардың бірі.

Мерекелік кеш барысында түрлі аталым бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздарға естелік сертификаттар мен жылы көрпелер табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сыйлықтар мерекелік көңіл күйді толықтырып, аға буын өкілдеріне деген құрметтің белгісі болды.

Аға ұрпаққа көңіл бөлу, олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау және қоғамдық ортаға араласуына мүмкіндік беру – әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Қарағандыда қолға алынған осындай бастамалар қарт жандардың өмір сапасын арттырып, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»