«Ертіс-Баянда» фестивалінде Қарағанды театры топ жарды

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры Павлодар қаласында ұйымдастырылған ІІ республикалық «Ертіс-Баян» театр фестивалінде Бас жүлдеге ие болды. Театр ұжымына Гран-при режиссер Александр Недомолкин сахналаған «Ромео мен Джульетта» саунд-драмасы үшін табысталды.

Биылғы өнер додасы белгілі режиссер Ерсайын Тапеновтың 80 жылдығына арналды. Алты күнге созылған фестивальге еліміздің әр өңірінен театр ұжымдары қатысып, көрерменге классикалық туындылардан бастап заманауи экспериенттік қойылымдарға дейін түрлі спектакльдер ұсынды.

Фестиваль аясында шығармашылық ұжымдар өзара тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстарын нығайтуға мүмкіндік алды. Қарағанды театрының «Ромео мен Джульетта» қойылымы да көрермен мен қазылар алқасының назарын аударған спектакльдердің бірі болды.

Қазылар алқасы қойылымның көркемдік тұтастығын, динамикасын және көрерменге ұсынылу ерекшелігін атап өтті. Сонымен қатар спектакльдегі сценография, декорация мен костюмдердің сахналық шешіммен үйлесіміне жоғары баға берілді.

Қойылымның басты ерекшелігі – саунд-драма жанрында сахналануы. Бұл форматта актерлер мен оркестрдің өзара үйлесімі маңызды рөл атқарады. Театр басшысы Құрман Қалымовтың айтуынша, ұжым фестивальге ең алдымен жаңа қойылым форматын таныстырып, кәсіби тәжірибе жинақтау мақсатында барған.

– Гран-при – өз алдына үлкен жетістік. Бұл біздің театр мен бүкіл ұжым үшін зор қуаныш. Біз мұнда Гран-при алу үшін келген жоқпыз. Ең алдымен жаңа тәжірибе жинақтап, әріптестермен кездесіп, өзара тәжірибе алмасуды көздедік. Біздің спектакльдің ерекшелігі – қазір ғана танымал бола бастаған жанрда жұмыс істейтінімізде. Бұл – саунд-драма. Мұндай қойылымда актерлер мен оркестр бірлесе жұмыс істеп, бір-бірін сезініп, бір ырғақта болуы керек, – дейді Құрман Қалымов.

Бұл Қарағанды театрының «Ертіс-Баян» фестиваліндегі екінші жүлдесі. Алғашқы фестивальде ұжым «Үздік сценография» аталымы бойынша марапатталған болатын.

Фестиваль қорытындысында режиссура, сценография, актерлік шеберлік және үздік ансамбль бағыттары бойынша да жүлделер табысталды. Ерсайын Тапенов атындағы арнайы сыйлық Асанәлі Әшімов атындағы «Алматы әуендері» театрының «Томирис» спектакліне берілді. Ал сыншылардың арнайы жүлдесін А.П.Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры «Ваня ағай» қойылымы үшін алды.

Биыл «Ертіс-Баян» фестивалінің географиясы да кеңейді. Театр додасына Қырғызстаннан Тоқтоғұл Ажибаев атындағы Алай музыкалық-драма театры қатысып, халықаралық шығармашылық байланыстардың дамуына жол ашты.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»