Қысқа дайындық: жылу мен қауіпсіздік қатар назарда
Қарағанды облысында жылыту маусымы басталып, елді мекендерге жылу кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Алдымен әлеуметтік нысандар, кейін тұрғын үйлер жылу жүйесіне қосылуда. Қазірдің өзінде Теміртау, Саран қалаларында, сондай-ақ Бұқар жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарында жылу беріле бастады.
Өңірде барлығы 6 105 көпқабатты тұрғын үй және мыңнан астам әлеуметтік нысан бар. Бүгінде тұрғын үйлердің үштен біріне жуығы мен әлеуметтік мекемелердің басым бөлігі жылуға қосылған. Ал Приозерск қаласы мен Ақтоғай ауданының Шашубай және Сарышаған кенттерінде жылыту маусымы 10 қазанда басталады.
Қысқы кезеңге дайындық аясында жылу желілері мен коммуналдық нысандарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл мақсатқа 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Негізгі міндет – жылумен қамту жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
«Жылыту маусымы басталды. Қазіргі таңда жылу әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Басты міндет – жылу берудің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың өтініштерін жедел шешу», – деді Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.
Жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігі де басты назарда. Өңірде 5 800-ден астам үй есепке алынып, профилактикалық жұмыстармен 14 мың адам қамтылды. Тұрғын үйлерге 243 өрт дабылқаққышы орнатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 500-ден астам дерегі анықталды.
Төтенше жағдайлар қызметі пештерді, жылыту және электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Өрттің алдын алу үшін түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жылыту маусымы бойы жалғасады.
«Жылыту кезеңіндегі қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Профилактикалық жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін жүргізіліп қана қоймай, оның бүкіл кезеңінде жалғасады. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігі тұрақты түрде түсіндіріледі», – деді Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Қарағанды облысының ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Елдос Зияда.
Қысқы кезеңге дайындықтың тағы бір маңызды бағыты – көмір қорын жасақтау. Қазіргі таңда халық пен бюджеттік ұйымдар үшін 600 мың тоннадан астам көмір дайындалды. Оның 385 мың тоннаға жуығы тұрғындардың қажеттілігіне арналған.
Осылайша, өңірде жылумен қамтамасыз ету, отын қорын қалыптастыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

