Балқашта 280 орындық жаңа балабақшаның құрылысы басталды

Балқашта 280 орындық жаңа балабақшаның құрылысы басталды

Балқаш қаласында 280 орынға шақталған жаңа заманауи балабақшаның құрылысына бастау берілді. Жоба «Қазақмыс» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып, бизнестің қала дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қосқан кезекті үлесіне айналмақ.

Үш қабатты балабақша мектепке дейінгі жастағы балаларға қосымша орын ұсынып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Нысан құрылысының құны – 3,7 млрд теңге.

— Бүгін біз 280 орындық балабақшаның құрылысының алғашқы кірпішін қалап отырмыз. Өсіп-өркендеп келе жатқан Балқаш үшін бұл жай ғана жаңа әлеуметтік нысан емес, қала мен оның тұрғындарының болашағына салынған маңызды инвестиция. Әсіресе бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысуы маңызды. «Қазақмыс» компаниясы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырып келеді. Жаңа балабақша белгіленген мерзімде салынып, жуық арада алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдайды деп сенеміз, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Балабақша құрылысын 2027 жылғы қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.

Жоба аясында аумақты абаттандырумен қатар, балалар үшін заманауи инфрақұрылым қалыптастыру да көзделген.

Балабақша құрылысы облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясы арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бастамалар кешенінің бір бөлігі болып саналады.

Балқаш өңірінде жасалған меморандумға сәйкес, Торанғалық және Шұбартүбек кенттерінде медициналық пункттер, су спорт түрлеріне арналған база салу, сондай-ақ Саяқ кентінде воркаут аймағы бар балалар алаңын орнату жоспарланған.

— Балқаш «Қазақмыс» үшін жай ғана өндірістік алаң емес. Бұл — біздің қызметкерлеріміз тұратын, отбасылар құрылып, олардың балалары өсіп келе жатқан ортақ шаңырағымыз. Сондықтан бүгінгі оқиғаның біз үшін маңызы айрықша. Бұл жоба — компанияда да, өңірде де қолға алып отырған ауқымды өзгерістеріміздің алғашқы нақты көріністерінің бірі, — деді «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Осындай әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы өңірлерді дамыту ісінде мемлекет пен бизнестің өзара ынтымақтастығының маңызын айқын көрсетеді.

https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1306743?lang=kk