Халық Кеңесіне төраға сайланды

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында оның төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Спикер лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Президент бұл лауазымның конституциялық мәртебеге ие екенін атап өтіп, оны қоғамға жақсы таныс, азаматтар мен билік арасында тиімді диалог орната алатын тәжірибелі тұлға басқаруы маңызды екенін айтты.

Ерлан Қошановтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Ол 2017 жылдың наурызынан 2019 жылдың қыркүйегіне дейін Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарды. Кейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеп, соңғы жылдары Парламент Мәжілісіне жетекшілік етті.

Қазақстан Халық Кеңесі – ел тарихындағы жоғары консультативтік орган. Ол қоғамның әртүрлі топтарының үнін бір арнаға тоғыстырып, азаматтар мен мемлекеттік институттар арасындағы диалогты дамытуға бағытталған. Кеңеске заңнамалық бастама көтеру құқығы да берілген.

Жаңа органның жұмысы қоғамдық пікірді ескеруге, азаматтық қоғам өкілдері мен мемлекеттік институттар арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталмақ.