Жас спортшыларға жігер берген жүздесу

Қарағандыда жас үстел теннисі шеберлері үшін тағылымы мол кездесу өтті. Қалалық үстел теннисі орталығына Беларусьтің әйгілі спортшысы, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Владимир Самсонов арнайы келіп, жас теннисшілермен жүздесті.

Құрметті қонақты қарағандылықтар қазақы дәстүрмен қарсы алып, иығына ұлттық шапан жапты. Өз кезегінде атақты спортшы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, жылы қабылдау үшін алғыс айтты.

Кездесу барысында жас спортшылар әлемдік үстел теннисінің жұлдызына өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Олар жарысқа дайындық, жаттығу барысы, кәсіби спорттағы қиындықтар мен жоғары нәтижеге жетудің жолдары туралы сұрады.

Владимир Самсонов жас теннисшілерге өзінің спорттағы көпжылдық тәжірибесі туралы айтып, үлкен жетістіктің артында күнделікті еңбек пен үздіксіз дайындық жататынын атап өтті.

– Ең алдымен, жаттығуды тоқтатпау керек. Спортта бір күнде нәтиже болмайды. Күн сайын өзіңмен жұмыс істеп, қателіктеріңді талдап, алға ұмтылу маңызды. Жеңіс те, жеңіліс те спортшыны шыңдайды, – деді Владимир Самсонов.

Жас спортшылар үшін мұндай жүздесудің маңызы ерекше. Себебі халықаралық жарыстарда талай белесті бағындырған спортшының тәжірибесін тыңдау – олардың кәсіби спорт туралы түсінігін кеңейтіп, алдарына жаңа мақсат қоюына ықпал етеді.

Кездесу барысында спортшылар атақты қонақпен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алды. Еркін форматтағы әңгіме жас теннисшілерге чемпионның спорттағы жолы мен тәжірибесін жақынырақ білуге мүмкіндік берді.

– Осындай кездесулер жас спортшыларға үлкен әсер береді. Олар чемпионның тәжірибесін тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алады. Ең бастысы, бұл жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жаңа мақсаттар қоюына ықпал етеді, – дейді Қарағанды облысының үстел теннисі федерациясы төрағасының орынбасары Эльмира Әлиева.

Владимир Самсонов – үстел теннисі тарихында өзіндік орны бар спортшылардың бірі. Беларусь өкілі Еуропа чемпионы атанып, Әлем кубогын үш мәрте жеңіп алған. Сондай-ақ әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ол Олимпиада ойындарына алты рет қатысқан.

Самсоновтың есімі ITTF World Tour жарыстарындағы жетістіктерімен де белгілі. Ол ерлер арасындағы жекелей сында 27 рет жеңіске жеткен.

Қарағандыдағы кездесу атақты спортшымен жүздесумен ғана шектелген жоқ. Жас теннисшілер үшін бұл – үлкен спорттың биігіне жету үшін табандылық, тәртіп пен күнделікті еңбектің қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік берген тағылымды шара.

Осындай кездесулер жас буынға тәжірибелі спортшылардың жолын танытып қана қоймай, спортқа деген қызығушылықты арттырып, жаңа жетістіктерге ұмтылуға серпін береді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»