Қауіпсіздік пен тәртіпке жаңа талап
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуы Қазақстанның қорғаныс саласындағы қауіпсіздік пен басқару жүйесіне қатысты бірқатар мәселені күн тәртібіне шығарды. 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші ашық теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Қайғылы жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, ведомствоның жаңа басшысын таныстырды. Қорғаныс министрі қызметіне Айдос Мырзахметов тағайындалды.
Қайғылы оқиғаға қатысты Президент қатаң баға беріп, оның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауды тапсырды. Атап айтқанда, оқу-жаттығу жоспарын кім әзірлеп, кім бекіткені, бұл үдеріске Бас штабтың қандай қатысы болғаны және жаттығу кезінде Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы неліктен болмағаны тексерілуі тиіс.
Оқиғаға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсету үшін Үкіметтік комиссия құрылып, әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Қорғаныс министрінің алдына Қарулы Күштерді заманауи талаптарға сай реформалау міндетін қойды. Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскери реформа жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Реформа аясында әскердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыру, басқару жүйесін жетілдіру, әскери дайындық сапасын көтеру, қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту көзделіп отыр. Кадрларды бағалау мен іріктеудің ашық критерийлерін енгізуге де басымдық берілмек. Командалық лауазымдарға тағайындау жеке адалдыққа емес, тәжірибе мен кәсіби құзыретке негізделуі тиіс.
Жаңа министр ведомствода өткізген кеңесте әскердегі әрбір процесс пен қабылданған шешім нақты нәтижеге бағытталуы керегін атап өтті. Сонымен бірге әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке құрамның тұрмыс жағдайын жақсарту, тәрбие жұмысын күшейту және жарғыдан тыс қарым-қатынастардың алдын алу маңызды міндет ретінде белгіленді.
Осылайша, Каспийдегі қайғылы оқиға қорғаныс саласындағы қауіпсіздік талаптары мен басқару жүйесін қайта қараудың өзектілігін көрсетті. Ал жаңа министрдің алдында тұрған әскери реформа осы мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталмақ.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

