Құрметке лайық жандарға жаңа талап
Қарағанды облысында «Құрметті азамат» атағын беру тәртібі өзгерді. Жаңа ережені облыстық мәслихат депутаттары бекітті.
Енді атақ бұрынғыдай жыл сайын емес, екі жылда бір рет беріліп, бір мезгілде 10 адамға дейін құрметті азамат атануы мүмкін. Кандидаттарды ұсыну ұжымдық түрде жүзеге асырылады, ал өзін-өзі ұсынуға жол берілмейді. Жергілікті атқарушы органдар да үміткер ұсына алады, алайда бұл мүмкіндік төтенше жағдайлар мен апаттардың салдарын жоюға ерекше үлес қосқан азаматтарға қатысты қарастырылған.
Атаққа Қазақстан азаматтарымен қатар шетел азаматтары да үміткер бола алады. Негізгі талаптардың бірі – кандидаттың өңірде кемінде 10 жыл еңбек етуі. Марапат нақты еңбегі мен қоғамға қосқан үлесі үшін беріледі. Оның қатарында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, мемлекеттік басқаруды дамыту, қоғамдық және қайырымдылық қызмет, сондай-ақ спорт, мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктер бар.
Сонымен қатар этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар да атаққа лайық деп танылады. Ерекше жағдайда «Құрметті азамат» атағы қайтыс болғаннан кейін де берілуі мүмкін. Бұл – ел мүддесін қорғауда немесе адам өмірін құтқаруда ерлік пен батылдық танытқан жандарға көрсетілетін құрмет.
Өңірдің, қала немесе ауданның мерейтойлық даталарына орай қосымша бес адамға дейін «Құрметті азамат» атағына ие болуы мүмкін. Осылайша жаңа тәртіп өңірдің дамуына нақты үлес қосқан, еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтарды жүйелі түрде ұлықтауға бағытталған.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

