Қарағандылықтар World Cleanup Day акциясына қатысты

Қарағанды қаласы World Cleanup Day халықаралық экологиялық бастамасына қосылып, тұрғындар тазалық жұмыстарына белсенді қатысты. Шараның негізгі мақсаты – табиғи аумақтарды қоқыстан тазарту ғана емес, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Сенбілікке 150-ге жуық қала тұрғыны, студенттер мен Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары жиналды. Тазалық жұмыстарының негізгі орындарының бірі – Федоров су қоймасының қалалық жағажайы мен оған іргелес жағалау аумағы. Жазғы демалыс кезеңінен кейін мұнда тұрмыстық қалдықтар көбейген. Қатысушылар жағалауды жинап, аумақты қоқыстан тазартты.

Табиғатты қорғау бағдарламалары бөлімінің басшысы Әйгерім Арыстанбекованың айтуынша, мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

– Қоршаған ортаның тазалығы әр адамның күнделікті әрекетінен басталады. Осындай бастамалар адамдарды табиғатты қорғауға бейжай қарамауға шақырады, – деді Әйгерім Арыстанбекова.

Ұйымдастырушылар тазалық шарасын түрлі мәдени және ойын бағдарламаларымен толықтырды. Қатысушылар концерт тамашалап, интерактивті ойындар мен тимбилдингтерге қатысты. Сондай-ақ бірнеше байқау ұйымдастырылып, үздіктерге естелік және бағалы сыйлықтар табысталды.

World Cleanup Day жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде өткізіліп, адамдарды ортақ мақсат – қоршаған ортаны таза ұстау жолында біріктіреді. Қарағандыдағы акцияға қатысушылар да өз үлесін қосып, қаланың табиғи аумақтарын абаттандыруға атсалысты.

Тазалық – ортақ жауапкершілік. Ал таза қала әр тұрғынның өзінен басталады.

 

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»