Жылыту маусымы қазан айында басталады
Қазақстанда алдағы жылыту маусымының басталу мерзімі белгілі болды. Солтүстік және шығыс өңірлерде жылу беру 1 қазанға дейін басталуы жоспарланып отыр. Ал Қарағанды облысында жылыту маусымы 1 мен 15 қазан аралығында басталады.
Бұл туралы Үкімет отырысында елдің күзгі-қысқы кезеңге дайындығы жөнінде баяндаған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Өңірдегі нысандардың жалпы дайындық деңгейі 99,6 пайызға жетті. Биыл жөндеу жұмыстарына 196 миллиард теңгеге жуық қаражат бағытталған.
Қарағанды қаласында негізгі жылу магистральдары жаңартылды. Ал Теміртауда жөндеу бағдарламасын жүзеге асыруға 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Энергетикалық станциялар көмір жеткізу бойынша қажетті келісімшарттарды жасасып қойған. Алдағы жылыту кезеңінде өңірге 6 миллион тоннадан астам отын жеткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде тұрғындар мен бюджеттік ұйымдар үшін 530 мың тоннадан астам көмір дайындалды.
Мамандардың болжамынша, Қарағанды облысында жылу беру 1-15 қазан аралығында басталады. Нақты мерзім әр елді мекендегі ауа райының жағдайына қарай белгіленеді.

