Қозғалыс өзгерді

Қарағандыдағы Республика даңғылы мен Мұқанов көшесінің қиылысында көлік қозғалысын ұйымдастыру тәртібі өзгерді. Жол жөндеу жұмыстарынан кейін мұнда солға бұрылуға арналған екі жолақ белгіленді.

Жаңа сызба бойынша шеткі сол жақ жолақ солға және кері бұрылуға арналған. Оған іргелес жолақтан солға бұрылуға немесе Шіркеу бағытына қарай тура жүруге болады. Ал оң жақ жолақ бұрынғыдай тура және оңға бұрылу үшін пайдаланылады. Осындай қозғалыс тәртібі Ғапеев көшесі жағынан келетін бағытқа да енгізілді.

Өзгеріске сәйкес бағдаршамдардың жұмыс алгоритмі де жаңартылуда. Мердігер компания қызметкері Евгений Поповтың айтуынша, бағдаршамдардың бағдарламасы жаңа жолақтарға сәйкестендіріліп, бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.

– Бағдаршамның бағдарламасын жаңарттық, қазір сымдарды қайта жалғап жатырмыз. Бағыттар өзгереді. Жаңа жол сызықтарына сәйкес бағдаршамдарда шағын бағыттаушы көрсеткіштер жанатын болады, – деді Евгений Попов.

Қарағанды қаласы полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Маурат Уахитовтың айтуынша, қиылыстағы негізгі өзгерістердің бірі – қосымша бағдаршам секцияларын алып тастау.

– Қазіргі уақытта қиылыста қозғалысты ұйымдастыруға өзгерістер енгізілуде. Қосымша секциялар алынып, қиылыс басқа циклмен жұмыс істейді. Жасыл сигнал жанған кезде көлік қозғалысына барлық бағыт бойынша рұқсат беріледі. Бұл көлік ағынын арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған, – деді Маурат Уахитов.

Жаңа қозғалыс сызбасының басты мақсаты – қиылыстың өткізу қабілетін арттырып, көлік ағынын реттеу. Дегенмен қарбалас уақыттағы тиімділігі уақыт өте келе анықталмақ.

Жүргізушілердің пікірі әзірге әртүрлі. Бірі жаңа тәртіптің жолдың өткізу қабілетін жақсартқанын айтса, енді бірі жаңа сызбаға бейімделу қажет екенін жеткізеді. Мамандар болса, жүргізушілерді жол таңбалары мен бағдаршамдардың жаңартылған сигналдарына мұқият назар аударуға шақырады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»