Оңай олжаның оңай жолы жоқ
Заңды білу – құқықтық сауаттылықтың негізі болса, оны құрметтеу – әр азаматтың жауапкершілігі. Әсіресе ақпарат ағыны күшейіп, әлеуметтік желі мен цифрлық кеңістік жастардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған уақытта бұл мәселенің маңызы арта түсті. Осы тақырып Қарағандыда өткен «Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі» атты жастар форумында кеңінен талқыланды.
Қарағанды облысының прокуратурасы әкімдіктің қолдауымен, полиция және экономикалық тергеу департаменттерінің қатысуымен ұйымдастырған форумға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының 15 мыңнан астам студенті қатысты. Жастардың бір бөлігі шараға тікелей қатысса, енді бірі онлайн форматта қосылды. Жиынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Ішкі істер министрлігі комитетінің төрағасы Арман Саданов, Бас прокуратураның Кадр жұмысы департаментінің бастығы Аида Ануар, Экономикалық тергеу департаментінің бастығы Дархан Құрақбаев, жастар ұйымдарының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталды. Негізгі мақсат – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және әр шешімнің салдарына жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыру.
Форумда сөз алған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қазіргі цифрлық ортаның жастардың көзқарасы мен мінез-құлқына ықпалы күшейгенін атап өтті. Оның айтуынша, оңай табысқа қызығушылық кей жағдайда жасөспірімдерді теріс жолға итермелеуі мүмкін.
– Жаңа технологиялар дамыған сайын отбасында алған тәрбиеден бөлек, интернет, әлеуметтік желі, жалпы цифрлық кеңістік жас өрендердің көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына қатты әсер ететінін байқаймыз. Әсіресе оң-солын білмейтін жеткіншектер оңай олжаға қызығып, теріс жолға түсіп кетеді. Сондықтан, бүгінгі ұрпаққа адамгершілік, жауапкершілік, заңға құрмет секілді құндылықтардың мәнін түсінікті тілмен, заманға сай тәсілдермен жеткізе білуіміз керек, – деді өңір басшысы.
Бұл мәселе әсіресе интернет кеңістігіндегі жаңа қауіптерге байланысты өзекті. Форумда құқық қорғау органдары өкілдері дәстүрлі құқық бұзушылықтармен қатар, жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы түрлі заңсыз әрекеттерге тарту тәсілдері өзгеріп жатқанын сөз етті.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев цифрлық технологиялардың дамуы қоғамға жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, қылмыстың алдын алу саласында жаңа сын-қатерлер туындатып отырғанын атап өтті. Сондықтан құқықтық профилактика да заман талабына сай жүргізілуі қажет.
Ал Ішкі істер министрлігі комитетінің төрағасы Арман Саданов жастармен түсіндіру жұмыстарын ерте жастан жүргізудің маңызын айтты. Оның айтуынша, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сол себепті кез келген «оңай ақша» немесе кездейсоқ табыс туралы ұсынысқа сын көзбен қарау қажет.
Құқық қорғау органдарының өкілдері жастарды есірткі қылмысына, интернет-алаяқтыққа, қаржылық пирамидаларға және дропперлікке тартудың нақты мысалдарын көрсетті. Бұл тақырыптар жай ғана дәріс түрінде емес, өмірлік жағдайларға негізделген бейнематериалдар арқылы ұсынылды. Ресми мәліметке сәйкес, көрсетілген оқиғалардың негізінде шынайы жағдайлар жатыр. Мақсат – жастарды қорқыту емес, шешім қабылдамас бұрын оның ықтимал салдарын ойлауға шақыру.
Яғни «бір рет жасап көремін», «ештеңе болмайды» деген немқұрайды көзқарастың соңы күтпеген құқықтық мәселеге ұласуы мүмкін. Форум барысында жастарға дәл осы жауапкершілік мәселесі нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Жиынның тағы бір маңызды жаңалығы – Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінде «Болашақ прокурор аудиториясының» ашылуы. Арнайы аудитория прокуратура органдарының қызметі туралы тақырыптық стендтермен және ғылыми әдебиеттермен жабдықталған. Мұнда «Прокурорлық қадағалау» пәні бойынша прокуратураның тәжірибелі қызметкерлерінің қатысуымен сабақтар өткізіледі.
Форум аясында жастардың өз пікірін білдіруіне де мүмкіндік берілді. Сарапшылардың баяндамаларымен қатар, түрлі ойындар, ашық диалогтар мен панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Студенттер мамандарға сұрақ қойып, нақты құқықтық жағдайларды талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Қарағанды облысының ресми ақпаратында жастардың өздері де заң, тәртіп және жауапкершілік туралы ашық пікір білдіргені атап өтіледі. Қарағанды медицина университетінің студенті Шапағат Құрманғазықызы жастардың пікірін тыңдаудың маңызын атап, жауапты шешім қабылдауды бүгіннен үйрену қажеттігін айтты.
Форум соңында қоғамдық өмірге белсенді араласқаны, азаматтық ұстанымы мен заң мен тәртіп қағидаттарын құрметтегені үшін бірқатар жастарға облыс әкімі мен прокурорының алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, елдің саналы азаматтарын қалыптастыруға үлес қосып жүрген ата-аналарға да алғыс білдірілді.
Заң мен тәртіп ұғымы тек мемлекеттік органдардың қызметімен шектелмейді. Ол адамның күнделікті әрекетінен, өз құқығы мен міндетін білуінен, қабылдаған шешіміне жауап бере алуынан басталады. Ал жастардың құқықтық сауаты мен азаматтық жауапкершілігі – қоғамның ертеңгі тұрақтылығының маңызды негіздерінің бірі.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

