Достық пен өнер тоғысқан сахна

Қарағанды төрт күн бойы әуезді әуенге бөленіп, музыкалық театр өнерінің халықаралық алаңына айналды. 17-20 қыркүйек аралығында өткен оперетта мен мюзиклдің «DosStar» XV халықаралық фестивалі мәресіне жетті.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры ұйымдастырған мерейтойлық фестиваль биыл он бесінші рет өткізіліп отыр. Осыдан 15 жыл бұрын бастау алған мәдени жоба бүгінде түрлі елдердің музыкалық театр ұжымдарын бір сахнаға тоғыстыратын дәстүрлі өнер мерекесіне айналды.

Фестивальдің негізгі мақсаты – Қазақстанда оперетта мен мюзикл жанрларын кеңінен насихаттау, шығармашылық байланыстарды нығайту және театр мамандары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар «DosStar» әр жылдары әртүрлі елдердің мәдениеті мен өнерін жақындастырып, халықаралық шығармашылық байланыстың дамуына жол ашып келеді.

Мерейтойлық фестивальге Ресей, Беларусь, Армения және Өзбекстан өнер өкілдері қатысты. Шара аясында музыкалық спектакльдер көрсетіліп, шығармашылық кездесулер мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Әртістер актерлік шеберлік, вокал және хореография бағыттарында кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Санкт-Петербург музыкалық комедия театрының жетекшісі Юрий Шварцкопф Қарағандыдағы фестивальге бірнеше рет қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, арадағы қашықтық пен жолдың күрделілігіне қарамастан, Қарағанды театрымен шығармашылық байланысты жалғастыруға деген қызығушылық жоғары.

– Біздің Петербург театры бұл жерге бірінші рет келіп отырған жоқ. Спектакльдермен де, жеке солистермен де талай мәрте келдік. Логистикалық қиындықтарға қарамастан, қайта-қайта барғың келетін жерлер болады. Қарағанды театры бізді әрдайым керемет қарсы алады. Сондықтан мұнда әлі де келе береміз, – деді Юрий Шварцкопф.

Фестивальдің халықаралық сипаты Өзбекстан өнер ұжымдарымен қалыптасқан шығармашылық байланыстың мысалынан да көрінді. Өзбекстанның Мемлекеттік музыкалық комедия театрының бас директоры Бури Ганиев Қарағанды театрымен бірнеше жылдан бері әріптестік байланыс орнағанын айтты.

– Біз бұл театрмен бірнеше жылдан бері ынтымақтасып келеміз. Жуырда Қарағанды музыкалық театры Ташкентке барып, қойылымдары мен гала-концертін ұсынды. Өзбек көрермені қазақстандық әртістерді жылы қабылдады. Біз де оларды жоғары деңгейде қарсы алуға тырыстық. Өйткені біз жай ғана әріптес емес, бауырлас екі елдің өкілдеріміз, – деді Бури Ганиев.

«DosStar» фестивалінің ерекшелігі – оның тек дайын спектакльдерді көрсету алаңы болып қалмай, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруінде. Биылғы бағдарламада шығармашылық шеберлік сабақтарына да айрықша көңіл бөлінді.

Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы камералық хорының дирижері әрі хормейстері Юрий Колчин фестиваль аясындағы қойылым дайындау барысында әртістердің шығармашылық мүмкіндігін барынша пайдалануға тырысқанын айтты. Оның сөзінше, кәсіби актерлер мен вокалистердің құрамы толық болмаса да, ұжым өз күшін біріктіріп, спектакльді сахнаға шығарған.

– Біз өз құрамымыздағы, соның ішінде хор әртістерінің актерлік қабілетін барынша дамытуға тырыстық. Орындаушыларымыздың басым бөлігінің арнаулы орта білімі бар. Сонымен қатар университетте білім алған 20-ға жуық шәкіртім де осы жұмысқа қатысты, – деді Юрий Колчин.

Беларусь мемлекеттік академиялық музыкалық театрының директоры Татьяна Комова да фестивальдің кәсіби және шығармашылық байланысты нығайтудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, музыкалық театрдың мүмкіндігі кең әрітүрлі елдің өнер ұжымдарын жақындастыруға ықпал етеді.

– Музыкалық театрдың өрісі өте кең әрі жан-жақты. Бұл өнерді сүйетін адамдарды біріктіреді. Логистикалық қиындықтарға қарамастан, біз өзара байланыс орнатудың жолдарын табамыз. Бізді шақырады, біз келеміз, Беларусь өнерін көрсетеміз және басқа кәсіби ұжымдармен тәжірибе алмасуға тырысамыз, – деді Татьяна Комова.

Фестивальдің қорытынды бөлігінде Қазақстан, Ресей, Беларусь және Арменияның жетекші солистері қатысқан Гала-концерт көрермен назарына ұсынылды. Музыкалық шығармалар, вокалдық нөмірлер мен сахналық қойылымдар мерейтойлық шараның мазмұнын толықтырды.

«DosStar» атауының өзі «Достар шоқжұлдызы» ұғымымен сабақтас. Бұл – фестивальдің басты идеяларының бірі. Он бес жыл ішінде жоба музыкалық театр өнерінің өкілдерін бір сахнада кездестіріп қана қоймай, әріптестік пен шығармашылық достықтың қалыптасуына мүмкіндік берді.

Осылайша Қарағандыда өткен XV халықаралық «DosStar» фестивалі өз мәресіне жетіп, көрерменге музыкалық театрдың сан қырлы әлемін ұсынды. Мерейтойлық басқосу өнер ұжымдарының тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстардың нығаюына және достықтың музыка арқылы жалғасуына тағы бір мүмкіндік берді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»