95-маусым: сахнадағы жаңа белес

Тарихы тереңнен тамыр тартқан Сәкен театры 95-ші мерейтойлық маусымының шымылдығын түрді. Ғасырға жуық уақыт бойы көрерменге рухани азық сыйлап келе жатқан өнер ордасы жаңа маусымды тың қойылымдар мен ауқымды шығармашылық жобаларға толы жоспармен бастады.

Мерейтойлық маусымның алғашқы қойылымы ретінде Мұхтар Әуезовтің қазақ драматургиясының алтын қорындағы «Қарагөз» трагедиясы таңдалды. Осыдан тура жүз жыл бұрын жазылған шығарма Сәкен театрының сахнасында жаңа режиссерлік шешіммен ұсынылды. Қойылымды қазақстандық белгілі режиссер Гүлназ Балпейісова сахналаған.

«Қарагөз» – қос ғашықтың тағдыры арқылы махаббат пен салт-дәстүр, адам еркіндігі мен қоғамдық көзқарас арасындағы күрделі тартысты көрсететін шығарма. Театр ұжымы классикалық туындыны көрерменге жаңаша форматта жеткізуге ұмтылған.

Мерейтойлық маусымның ашылуында театрдың шығармашылық бағытына тоқталған Қазақстанның халық әртісі Кеңес Жұмабеков ұжымның өзіндік қолтаңбасын қалыптастырғанын атап өтті.

– Сәкен театрының өзіндік шығармашылық бағыты қалыптасқан. Ұжым басқа театрларға еліктемей, өзіне тән қолтаңбасын сақтап, шеберлігін шыңдап келеді. Театрдың көркемдік жетекшісі мен директоры да осы бағытты айқындауға ерекше мән беруде, – деді Кеңес Жұмабеков.

Ал жаңа маусым театр репертуарын әлемдік драматургияның таңдаулы туындыларымен толықтыруды көздейді. Соның бірі – Уильям Шекспирдің әйгілі «Король Лир» шығармасы. Қойылымды ТМД кеңістігінде танымал режиссер Елестин Михайлов сахналамақ. Қазір спектакльдің дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Театр басшылығы жыл соңына дейін көрерменге алты-жеті жаңа спектакль ұсынуды жоспарлап отыр. Репертуарға отандық драматургиямен қатар әлемдік классика үлгілері де енбек. Бұл театрдың шығармашылық ауқымын кеңейтіп, көрерменге түрлі жанр мен көркемдік бағыттағы қойылымдарды ұсынуға мүмкіндік береді.

Жаңа маусымда ұжымның жасарып келе жатқаны да байқалады. Бүгінде театр қызметкерлерінің басым бөлігін жастар құрайды. Бұл шығармашылық ізденісті күшейтіп, сахна өнеріне жаңа көзқарас пен тың идеялардың келуіне жол ашып отыр.

– Жаңа маусымдағы басты жобалардың бірі – әлемдік драматургияның жауһары Уильям Шекспирдің «Король Лир» шығармасы. Қазір қойылымның дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар жыл көлемінде алты-жеті жаңа спектакль ұсынуды жоспарлап отырмыз. Репертуарда отандық және әлемдік драматургияның үздік шығармалары болады, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов.

Мерейтойлық маусым аясындағы тағы бір айтулы мәдени оқиға – қазан айында өтетін «Сын-шын болсын…» республикалық театр фестивалі. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың есімімен аталатын өнер додасына еліміздің әр өңірінен театрлар қатысып, үздік қойылымдарын Қарағанды көрерменіне ұсынбақ.

Осылайша 95-ші маусым Сәкен театры үшін мерейтойды атап өтумен ғана шектелмей, шығармашылық жаңарудың жаңа кезеңіне айналғалы отыр. Классикалық мұраны жаңаша пайымдау, әлемдік драматургияға бет бұру, жас актерлердің әлеуетін ашу және республикалық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру – театрдың алдағы маусымдағы негізгі бағыттары.

Сахна өнерінің ғасырға жуық тарихын арқалаған театр үшін әр жаңа маусым – жаңа ізденістің бастауы. Ал биылғы мерейтойлық белес сол дәстүрді сақтай отырып, көрерменге жаңа әсер мен жаңа шығармашылық жаңалықтар сыйлауға бағытталған.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»