Қауіпсіз еңбек – ортақ міндет

Қазақстанда өндірістік жарақаттану көрсеткіші өсіп отыр. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, өндірістегі жазатайым оқиғалардан 969 жұмысшы зардап шеккен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16 пайызға көп.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өндірістегі қауіпсіздік талаптарын сақтаумен қатар, жұмыс берушілердің қызметкерлерді міндетті сақтандыруы маңызды екенін еске салады. Заң бойынша жұмыс беруші әрбір қызметкер үшін алдын ала міндетті сақтандыру шартын жасасуы тиіс.

Мұндай шарт өндірісте жарақат алған азаматқа тиісті сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндік береді. Ал жазатайым оқиға адам өліміне әкелген жағдайда, өтемақы оның отбасы мүшелеріне төленеді.

Егер жұмыс беруші сақтандыру шартын жасамаған болса, зардап шеккен қызметкердің емделуіне және оңалуына жұмсалған шығындар, сондай-ақ жоғалтқан табысы жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен өтеледі. Кей жағдайда қызметкерлер тиісті өтемді алу үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болады.

Заңнамадағы жаңа өзгерістер жұмыс берушілердің жауапкершілігін одан әрі күшейтті. Енді сақтандыру шарты жоқ жұмыс беруші зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған арнаулы әлеуметтік төлемдерді де өз есебінен төлеуге міндетті. Ал сақтандыру болған жағдайда мұндай шығындарды сақтандыру компаниясы өтейді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, қызметкерлерді сақтандырудан жалтару жұмыс беруші үшін қосымша қаржылық міндеттемелерге ғана емес, құқықтық жауапкершілікке және сот процестеріне де әкелуі мүмкін.

Өндірістегі жарақаттанудың артуы еңбек қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға болмайтынын көрсетеді. Қызметкердің өмірі мен денсаулығын қорғау – ең алдымен жұмыс берушінің заңмен бекітілген міндеті. Ал қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мен міндетті сақтандыруды уақытында рәсімдеу өндірістегі тәуекелдерді азайтудың маңызды тетігі болып қала береді.

Құралай КӨЕНОВА,

«QH»