Құқықтық көмек – халыққа жақын
Қарағандыда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған әлеуметтік жобалар аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілуде. Соның бірі – «Қалтадағы құқық» акциясы. Жоба азаматтарға заңгерлік кеңесті арнайы мекемеге бармай-ақ, күнделікті жүріп-тұратын орындарында алуға мүмкіндік беріп отыр.
Акция аясында қаланың адам көп шоғырланатын орындарында жылжымалы консультациялық нүктелер ұйымдастырылды. Соның бірі сауда үйлерінің бірінде өтіп, тұрғындар сауда жасап жүріп-ақ мамандардың тегін кеңесіне жүгінді. Ең бастысы – алдын ала жазылу немесе кезек күту қажет емес. Азаматтар өздерін толғандырған мәселесін айтып, сол жерде нақты жауап ала алды.
«Қалтадағы құқық» жобасы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімдігінің әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылуда. Бастама халықтың әртүрлі санатын қамтып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған.
– Қазір «Қалтадағы құқық» атты шара жүзеге асырылып жатыр. Бүгін төрт арнайы нүкте белгіленді. Тұрғындар келіп, өздерін мазалаған сұрақтарын қоя алады. Бұл – Қарағандыда алғаш рет өткізіліп отырған көшпелі мобильді топтың акциясы. Шара халықтың барлық санатын қамтиды. Сонымен қатар прокурор азаматтарды жеке қабылдап жатыр, – дейді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Мәлика Күсенбаева.
Құқықтық кеңес барысында тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, тұтынушы құқығы және басқа да мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Мамандар заң талаптарын күрделі терминдермен емес, қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізуге тырысты. Бұл әсіресе өз құқығы мен міндетін толық білмейтін азаматтар үшін маңызды.
Акцияның тағы бір ерекшелігі – тұрғындар тек заңгерлерден емес, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме өкілдерінен де кеңес ала алды. Осылайша бір алаңда бірнеше саланың маманы бас қосып, азаматтардың мәселесіне жан-жақты жауап беруге мүмкіндік жасалды.
– Бүгін «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеп, прокуратура есігінің қашанда ашық екенін көрсетуді жөн көрдік. Азаматтар өздерінің заңды құқықтары бұзылған немесе мазалаған кез келген мәселе бойынша ашық сұрақ қоя алады. Тұрғындардың жиі қоятын сауалдарына жауап беріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кеңес беруге келдік, – дейді Қазыбек би ауданы прокуратурасының прокуроры Аханали Маратұлы.
Кездесуде бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – интернет алаяқтығы да назардан тыс қалмады. Киберпол қызметкерлері тұрғындарға банк қызметкері, ұялы байланыс операторы немесе инвестициялық компания өкілі ретінде хабарласатын алаяқтардың әдістері туралы түсіндірді.
Сондай-ақ азаматтарға жеке деректерін бөтен адамға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармау қажеттігі ескертілді.
– Қылмыстың жиі кездесетін түрлерінің бірі – банк қызметкерінің атынан қоңырау шалу. Сонымен қатар адамдарды «тез арада табыс табуға болады» деген жалған инвестициялық ұсыныстармен арбауға тырысатындар бар. Ұялы байланыс операторларының атынан хабарласу да кең таралған, – дейді Қазыбек би ауданы ПБ киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Нұрхат Нұрғалиев.
Киберқауіпсіздік тақырыбының кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Соңғы жылдары алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Тіпті коммуналдық қызмет өкілі ретінде хабарласып, белгілі бір қызмет ұсынатын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан құқықтық сауаттылықпен қатар цифрлық қауіпсіздік талаптарын білу де әр тұрғын үшін маңызды.
Акция барысында мамандардан кеңес алған тұрғындардың бірі – зейнеткер Зейнулла Досмақов. Оның айтуынша, бұған дейін өзі де алаяқтардың қоңырауына тап болған. Мұндай жағдайлар азаматтардың сақтық шараларын білуі және күмәнді ұсыныстарға бірден сенбеуі керектігін тағы бір мәрте көрсетеді.
«Қалтадағы құқық» сияқты көшпелі жобалардың әлеуметтік маңызы да осында. Құқықтық көмек тұрғынның алдына өзі келгенде, азаматтардың маманға жүгінуі жеңілдей түседі. Әсіресе егде жастағы адамдарға, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға немесе құқықтық мәселесін қайда барып шешерін білмейтін азаматтарға мұндай формат тиімді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық кеңес беру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта көшпелі кездесулермен қатар арнайы форумдар мен басқа да түсіндіру шараларын өткізу жоспарланып отыр.
Заңды білу – тек өз құқығын қорғау емес, қоғамдағы жауапкершілікті түсінудің де негізі. Ал азамат пен мемлекеттік органдар арасында ашық диалог қалыптасқан жағдайда көптеген құқық бұзушылықтың алдын алуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, «Қалтадағы құқық» жобасы Қарағандыда құқықтық мәдениетті арттырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың біріне айналып келеді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

