КӨМЕККЕ ЕҢ ӘУЕЛІ ӘКІМДІК КЕЛЕДІ…

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов кез-келген оқыс жағдайда бірінші болып әкімдік қол ұшын созатындығын айтты. Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде өткен жиында «Тұрғындар қанша жерден «әкімдік қайда қарап отыр?» дегенімен, су тасыса да, қар басып қалса да, қала басшылығы жауап береді», — деді.

Аталмыш мекемеде Карл Маркс көшесі мен Моховаядан Винницкаяға дейінгі аумаққа күрделі жөндеу жобасын іске асыру бойынша тұрғындармен кездесу өткен болатын. Сәбит Темешұлы жиналысты былай деп бастады:

— Қала тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе – Карл Маркс және Моховая-Винницкая аумағындағы автомобиль жолдары. Аталған көлік жолдарына қатысты тұрғындар тарапынан көптеген шағым түскендіктен, 2019 жылы біз күрделі жөндеу жобасын жасаған болатынбыз. 2020 жылы осы жобаны іске асыра бастадық. Бірінші кезекте Сантехническаядан Винницкая көшесіне дейінгі жол жөнделді. Ұзындығы бес шақырым болатын көлік жолының негізі қайта бекітіліп, екі метр тереңдікке дейін таспен толтырылып, қос қабат асфальт-бетон төселген. Осы жылы бағдаршамдар орнатылып, арнайы жолақтар сызылып, жарық бағаналары қойылса, автожол толығымен дайын болады.

Әкім орынбасары ағымдағы жылы Винницкая көшесінен Көгілдір тоғандар ауданына дейінгі жол да толығымен күрделі жөндеуден өтетінін қоса айтты.
Винницкаядан Моховая көшесіне дейінгі жолды жөндеу жұмысы туралы жобаның бас инженері Елена Гайдарёва баяндады:

— Белгіленген аумақта әрқайсысының ені үш жарым метр болатын төрт жолақты жол салу, 2,25 метр енді тротуар, көлік тұрақтайтын орындар, пандустар орналастыру жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін жол бойындағы алпыс бір ағашты кесіп тастау керек болады. Есесіне, мәдениет үйі алаңына, Әнуар дүкеніне қарама-қарсы және басқа да аумақтарға үш жүз он бес түп тал отырғызу қарастырылуда.

Елена Викторовнадан кейінгі сөз кезегі қалалық әкімшілік полиция басшысының орынбасары Мейірхан Төлеуге берілді. Оның айтуынша, қаламызда көлік саны жыл сайын бес мыңға артады екен. Әсіресе, Майқұдықтың орталығы болып саналатын Карл Маркс, Магнитагорская көшелеріндегі көлік «ағыны» қатты. Сондықтан, Винницкая, Моховая көшелеріндегі автожолдарды жөндеуді де жобаға еңгізген. Мейірхан Балташұлы жобаның әкімшілік полициямен, мемлекеттік бағдарламаларға тапсырыс берушілермен және коммуналдық шаруашылық бөлімімен 2019 жылы бекітіліп, экспертизадан өткендігін де тілге тиек етті. Аталған аумақтардағы жер телімдерінің бүгінгі жағдайын «Жер қатынастары басқармасының» төрағасы қызметін атқарушы Жандос Иса айтып түсіндірді. Иса Досмұхтарұлы Карл Маркс көшесіндегі 33, 35, 37 және 19-үйлер өз жер телімдерінің аумағынан артық шығып кеткендерін мәлімдеді. Егер, межеленген аумақтан тыс шығуға әкімдік салып берген үйдің дуалы себепкер болса, бұл шаруамен қала басшылығы айналысады. Мұндай жағдай тек 37-үйде ғана. Қалған үш үйдің аумағы әлі қарастырылатынын ескере кеткен жөн.
«Казахдострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ахашев Махамбет «Екі жүз метр аумақта күрделі жөндеу жобасы таңғы сегізден кешкі алтыға дейінгі қатаң жұмыс тәртібімен бір жарым айда жүзеге асырылады» деп уәде берді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң Моховаядан Восток-1 шағын ауданына дейін, кейін Восток-3-ке дейінгі аумақтарда да жобаны іске асыру қарастырылады.
Қарағанды қаласы әкімдігі мен «Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің» ұйымдастыруымен жиын санитарлық талаптарға сай өтті. Бір сағатқа созылған кездесу- де тұрғындардың наразылығы көп естілді. Олар онсыз да, экологияға жарымай отырған ауданда ағаштардың шабылғанына қарсылығын білдірді. Сонымен қатар, жолдар мен тротуарлардың енсіздігі, қоқыс контейнерлерін қоятын жердің болмауы, көлік тұрақтайтын орындардың тұрғын үйлердің дәл алдында болуы залдағы тыңдаушыларды алаңдатпай қоймады.
Қала тұрғындарының күмәнін аудан әкімі Мейрам Кожухов былай деп сейілтті:

— Жөндеу жұмыстары біткен соң да қарастырылатын мәселе өте көп. Жол мен тротуар тар екен деп, маңындағы үйлерді сүріп тастай алмаймыз. Сондықтан, барлық мүмкін жағдайларды қарастырамыз. Мәселен, қоқыс контейнерлерін жаз айларында көшенің басына қойып, қыс түскенде әр үй өз ауласына орналастыруына да болады. Ал, көше бойындағы ағаштардың өсіп тұрғанына жарты ғасырдан асты. Бүгін болмаса, ертең олардың бұтақтары сынып, зиянын тигізуі мүмкін. Сол себепті, жаңа, жас көшеттер отырғызған тиімдірек.

Жиынды қала әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов түйіндеді:

— Құрметті тұрғындар, біз барша халықтың, сіздердің игіліктеріңіз үшін қызмет етудеміз. Көшеде су тасыса, бірінші болып біз келеміз. Қар тазаланбаса, оны да біз шешеміз. Сондықтан, еш уайымдамаңыздар.
Жолдан басталған жиын ағаш отаумен тынды. Қалай болғанда да шенділердің берген уәдесіне уақыт төреші, халық куә болар.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»