Жылжымайтын мүлік мәмілесіне жаңа талап
Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариаттық рәсімдеу тәртібі өзгерді. 8 қыркүйектен бастап пәтер, үй немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу, сыйға тарту және кепілге қою жөніндегі шарттар енді мүлік орналасқан өңірдегі нотариус арқылы ғана куәландырылады.
Жаңа тәртіп шілде айында қабылданған заңның күшіне енуіне байланысты енгізілді. Осылайша бұған дейін қолданылған экстерриториалдылық қағидаты жойылды.
2021 жылдан бері азаматтар Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы Қазақстанның кез келген өңіріндегі нотариусқа жүгініп, жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді рәсімдей алатын. Енді меншік иесі құжаттарын мүлік орналасқан жердегі өңірдің нотариусына ұсынуы қажет.
Жаңа талаптың негізгі мақсаты – жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді бақылауды күшейтіп, алаяқтық әрекеттердің алдын алу. Сондай-ақ өзгеріс шарттарды әртүрлі өңірлерде рәсімдеу арқылы талаптарды айналып өтудің алдын алуға бағытталған.
Мамандардың пайымынша, жергілікті нотариустың мүлік орналасқан өңірдегі нысандарға қатысты құжаттар мен ерекшеліктерді жақсы білуі де мәміленің қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Осылайша енді жылжымайтын мүлік иелері мәміле жасамас бұрын нысанның орналасқан өңіріндегі нотариусқа жүгінуі керек. Жаңа тәртіп азаматтардың құқығын қорғауға және мүлік нарығындағы заңсыз әрекеттерді азайтуға бағытталған.

