Судағы қауіпсіздік – ортақ міндет
Жыл басынан бері Қарағанды облысының су айдындарында 12 адам, оның ішінде үш бала қаза тапқан. Құтқарушылардың мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда қайғылы жағдайлар саны 14 пайызға азайған. Дегенмен судағы әрбір өлім – алдын алуға болатын үлкен қайғы.
Өкінішке қарай, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда тіркелген. 12 жағдайдың 11-і тұрғындардың суға түсуге рұқсат етілмеген әрі қауіпті аумақтарды таңдауы салдарынан болған.
Құтқарушылар шомылу маусымы ресми түрде аяқталғанын еске салып, судағы қауіпсіздік шаралары әлі де жалғасып жатқанын ескертеді. Әсіресе балаларды су маңында қараусыз қалдырмау маңызды. Сонымен қатар арнайы жабдықталмаған орындарда суға түспей, балық аулау кезінде белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарамауға шақырады. Су айдындарындағы сақтық – әр адамның өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі.
Суда қауіпсіздік ережесін сақтау – қайғылы жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

