Жүйріктер жарысы
3 қыркүйекте Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні атап өтілді. Бұл – ұлы далада ғасырлар бойы адамға сенімді серік болған ұлттық ит тұқымдарына құрмет көрсетудің белгісі.
Тазы мен төбет – қазақ даласының төл тарихымен біте қайнасқан жануарлар. Тазы көшпенділердің аңшылықтағы серігі болса, төбет мал мен қонысты қорғаған. Екеуі де қазақ үшін жай ғана ит емес, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениеттің бір бөлігі, адалдық пен серіктестіктің символы саналады.
Бұл мерекені белгілеу кездейсоқ емес. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұлттық ит тұқымдарын сақтау және дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Арнайы заң қабылданып, Қазақстан Халықаралық кинологиялық федерацияға мүше болды. Қазақы тазының Қазақстаннан шыққан тұқым ретінде халықаралық деңгейде танылуы да – осы бағыттағы маңызды жетістіктердің бірі.
Бүгінде елімізде тазы мен төбеттің тұқымын сақтап, асылдандыруға басымдық берілуде. Өсіру орталықтары ашылып, қазақы иттер халықаралық көрмелер мен жарыстарда ел намысын қорғап жүр.
Ұлттық мерекеге орай 3 қыркүйекте Астана қаласында шырға тартудан жарыс өтті. Додада Қарағанды облысының тазылары да үздіктер қатарынан көрінді.
Арлан тазылар арасында Тұйғын есімді тазы бірінші орын иеленді. Оның иесі – Манас Елубаев. Қаншық тазылар арасында Шакари үшінші орынға ие болса, ардагер тазылар арасында Сарықасқа топ жарып, бірінші орын алды. Шакаридің иесі – Айдар Мустафин, ал Сарықасқаны баптаған – Сағат Капашев.
Қарағанды тазыларының жетістігі республикалық жарыспен шектелмейді. Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойындарында өңірдің Найза есімді тазысы төртінші орын иеленді. Бұл – қазақы тазының шапшаңдығы мен алғырлығын халықаралық деңгейде танытқан нәтижелердің бірі.
Тазы мен төбет күні – ұлттық дәстүрге деген құрметті ғана емес, атадан қалған мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу жауапкершілігін де білдіреді. Қарағанды тазыларының жарыстардағы жетістігі қазақы ит тұқымдарын дамытуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

