Құқықтық көмек халыққа жақын

Құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтардың өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік беру – қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі. Осы бағытта Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданында «Заң және тәртіп» жобасы аясында мобильді консультативтік топ жұмысын бастады.

Көшпелі топтың негізгі мақсаты – құқықтық көмекті тұрғындарға барынша жақындатып, азаматтардың көкейіндегі мәселелерді тікелей тыңдау және заң аясында жедел кеңес беру. Құрамына прокуратура, полиция, әкімдік және басқа да мемлекеттік органдардың мамандары кірген топ аудан тұрғындарымен түрлі алаңдарда кездесулер өткізді.

Құқықтық кеңес беру жұмыстары сауда-ойын-сауық орталығында, супермаркетте, Сұрыптау шағын ауданында, сондай-ақ Пришахтинскідегі автобекет маңында ұйымдастырылды. Тұрғындар мамандарға құқықтық тәртіп, қауіпсіздік және өздерінің заңды құқықтарын қорғауға қатысты сұрақтарын қойып, нақты түсініктеме алды.

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы прокурорының орынбасары Айдос Ерғалидың айтуынша, мобильді топтың құрылуы тұрғындардың құқықтық мәселелерін дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

– Қазіргі уақытта «Заң мен тәртіп» мемлекеттік акциясы аясында Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы аудан әкімдігімен бірлесіп, сонымен қатар барлық мемлекеттік мекемелер, оның ішінде полиция қызметкерлерімен бірге мобильді топ құрды. Аудан тұрғындарына заң кеңесін жеткізу мақсатында осындай көшпелі топпен азаматтарды қабылдау іс-шарасы ұйымдастырылуда. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – халыққа құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар халықтың көкейінде жүрген мәселелерді заң аясында шешу. Халықпен кездесу барысында олардың жанайқайларын білу мақсатында ұйымдастырылып жатыр, – деді Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы прокурорының орынбасары Айдос Ерғали.

Көшпелі қабылдаудың тағы бір ерекшелігі – тұрғындарға мәселені ұзақ уақыт күтпей, тиісті мамандардан сол жерде жауап алу мүмкіндігі. Азаматтың сұрағы қандай мемлекеттік органның құзыретіне жатса, сол бағыттағы маман түсініктеме беріп, әрі қарай қандай қадам жасау керектігін түсіндіреді.

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің м.а. Дастан Тұрсынов мобильді топ жұмысының халық үшін қолжетімділігіне тоқталды.

– Мобильді топтар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жерде түрлі мемлекеттік органдардың мамандары бар, олар: полиция бөлімі, прокуратура және әкімдік өкілдері. Тұрғындар тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда бірден оқиға орнында түсініктеме беріліп, мәселелер жедел түрде қарастырылады, – деді Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің м.а. Дастан Тұрсынов.

«Заң және тәртіп» жобасы аясындағы мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы тікелей байланысты күшейтуге бағытталған. Тұрғын өз құқығын біліп, оны қорғаудың заңды жолдарын түсінген жағдайда мәселенің алдын алуға да мүмкіндік артады.

Мобильді топ жұмысы бір реттік шарамен шектелмейді. Алдағы уақытта көшпелі қабылдауларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.

– Мұндай шараларды қазіргі уақытта кемінде айына бір рет өткізу ойымызда бар. Бүгінгі – бірінші бастама. Бұған дейін де жеке қабылдаулар болған, бірақ мобильді топ құрып, көшпелі қабылдауды бүгін бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта да кемінде айына 1-2 рет қабылдап, мұндай іс-шараларды ұйымдастырып отырамыз. Осылайша халықтың көкейінде жүрген сұрақтарды, мәселелерді шешу үшін ұйымдастырылған шара. Бұл шара ары қарай Сұрыптау, Пришахтинск шағын аудандарында өтетін болады. Яғни кісілер көп шоғырланып жүретін жерлерге арнайы келіп отырмыз, себебі көп азаматтар осындай топтың бар екенін білмеуі мүмкін. Негізгі мақсатымыз – дер кезінде туындаған мәселені уақытылы шешу, – деді Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы прокурорының орынбасары Айдос Ерғали.

Құқықтық кеңестің халыққа жақын болуы – азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтудың да маңызды тетігі. Сондықтан мұндай көшпелі қабылдаулар тек жеке мәселелерді шешумен шектелмей, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

«Заң және тәртіп» жобасының басты мәні де осында. Заңды білу, өз құқығын қорғау және қоғамдағы қауіпсіздікке ортақ жауапкершілікпен қарау – тұрақты әрі әділетті ортаның негізі. Ал мемлекеттік органдардың тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселесін жергілікті жерде тыңдауы осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыра түседі.

Қүралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»