Қарағандыда жұмыспен қамтуға жаңа мүмкіндіктер ашылуда

Қарағанды облысында жыл басынан бері 28 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның 22 мың 600-і нақты жұмыс орындарына орналасты. Бұл ретте облыс орталығы – Қарағанды қаласында тұрғындарды еңбекке тарту, жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін ұсыну және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау бағытындағы жұмыстарға басымдық беріліп отыр.

Бүгінде тұрақты жұмыспен қамту – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Осыған байланысты өңірде азаматтарға жұмыс табуға көмектесетін мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек нарығының талаптарына бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Қарағанды облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабековтің айтуынша, қазіргі еңбек нарығы бұрынғыдан өзгеше сипат алып келеді. Бір жағынан, жаңа жұмыс орындары құрылып, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік шаралар жүзеге асырылса, екінші жағынан, технологиялардың дамуы бірқатар кәсіптердің мазмұнына өзгеріс енгізіп жатыр.

– Бүгінде еңбек нарығы қарқынды өзгеріп келеді. Осы ретте өңірдегі жұмыспен қамту саясатының басты мақсаты – азаматтарды тұрақты еңбекпен қамтамасыз ету және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеу, – дейді Ғалымжан Спабеков.

 

Жаңа жұмыс орындары көбейіп келеді

Биыл облыста жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бекітілген. Оның аясында бүгінге дейін 28 мыңнан астам адам түрлі жұмыспен қамту шараларына қатысты. Соның ішінде 22 мың 600 азамат нақты жұмыс орындарына орналастырылған.

Жаңадан құрылған жұмыс орындарына 8 мың 300 адам қабылданса, 7 мың 400 азамат бос жұмыс орындары арқылы еңбекке араласқан. Сонымен қатар 6 мың 800 адам жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас» және «Алтын жас» секілді жұмыспен қамту шараларына тартылған.

Бұл көрсеткіштер халықты еңбекке тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Әсіресе азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру, уақытша жұмыспен қамту шараларын тиімді пайдалану және еңбек нарығына алғаш қадам басқан жастарды қолдау маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

Осы ретте Қарағанды қаласының еңбек нарығындағы орны ерекше. Өнеркәсіптік әлеуеті жоғары облыс орталығында өндіріс орындарымен қатар, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, сауда, электр энергетикасы және қызмет көрсету салаларында да мамандарға сұраныс бар.

 

Жастарға – алғашқы жұмыс тәжірибесі

Еңбек нарығына енді қадам басқан жастарды қолдауға бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Жастар тәжірибесі». Бағдарлама жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне алған мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді.

Биыл жобаға 518 жас азамат тартылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 720 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы жұмыспен қамтылған 22 мың 600 адамның 12 мыңға жуығы – жастар.

– Жас мамандардың өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастап, тәжірибе жинауына жағдай жасау – болашақтағы тұрақты жұмыспен қамтудың маңызды қадамы. Сондықтан жастарды еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады, – дейді басқарма басшысы.

Бұл ретте жастар үшін тек жұмысқа орналасу ғана емес, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты дұрыс таңдау да маңызды. Қарағанды сияқты өндірістік өңірде техникалық және инженерлік бағыттағы кадрларға қажеттілік жоғары. Сонымен қатар құрылыс, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және IT салаларында да білікті мамандарға сұраныс бар.

 

Еңбекке баршаға мүмкіндік

Жұмыспен қамту саясаты халықтың түрлі санатын қамтуға бағытталған. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарды еңбекке тарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.

Қазіргі таңда облыста мыңнан астам мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар олардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы жұмыс орындарын құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде өңірде 11 арнайы жұмыс орны құрылған.

Мұндай шаралар еңбек нарығындағы әлеуметтік инклюзияны дамытуға мүмкіндік береді. Яғни азаматтың денсаулық жағдайына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, оның еңбек етуіне, кәсіби қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау – жұмыспен қамту саясатының маңызды бөлігі.

 

Жаңа технология жаңа талап қояды

Еңбек нарығындағы өзгерістерге технологиялық даму да әсер етіп отыр. Соның ішінде жасанды интеллекттің кеңінен қолданылуы бірқатар кәсіптердің сипатын өзгертіп, мамандарға қойылатын талаптарды жаңартуда.

Еңбек министрлігінің талдауына сәйкес, 14 мамандықтың жоғалу қаупі бар. Олардың қатарында телефонистер, коммутаторшылар, call-орталық қызметкерлері, курьерлер, инкассаторлар және көрсеткіштерді жинап, жолдайтын бақылаушылар бар.

Ал 46 мамандық бойынша қызметкерлер саны қысқаруы мүмкін. Олардың қатарында сауда өкілдері, хатшылар және туризм саласындағы агенттер аталған. Дегенмен бұл кәсіптердің бірден жойылатынын білдірмейді. Технологиялардың дамуына байланысты кейбір салаларда қызметкерлер саны өзгеруі немесе олардың атқаратын міндеттері жаңаруы ықтимал.

Керісінше, бірқатар мамандықтар жаңа технологиялармен қатар дамып келеді. Олардың қатарында агрономдар, бухгалтерлер және IT саласының мамандары бар. Сондықтан қазіргі еңбек нарығында маманның өз кәсібін білуімен қатар, цифрлық сауаттылығы мен жаңа технологияларды меңгеруі де маңызды.

– Жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығына жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан мамандарға цифрлық технологияларды меңгеру, жасанды интеллект құралдарын пайдалану және кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіру маңызды, – дейді Ғалымжан Спабеков.

 

Қарағандыда сұраныс қандай?

Қарағанды қаласында қазіргі таңда өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларында мамандарға қажеттілік бар. Қаланың өндірістік әлеуетін ескерсек, техникалық және инженерлік кадрларға деген сұраныс алдағы уақытта да сақталуы мүмкін.

Бұл ретте еңбек нарығының қажеттілігі мен білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін өзара байланыстыру маңызды. Жастар мамандық таңдағанда бүгінгі ғана емес, ертеңгі еңбек нарығының сұранысын да ескергені жөн.

Бүгінде тұрақты жұмыс табу үшін тек дипломның болуы жеткіліксіз. Заманауи еңбек нарығы кәсіби білімімен қатар, жаңа дағдыларды меңгеруге дайын, технологиялық өзгерістерге бейімделе алатын мамандарды қажет етеді.

Қарағандыда халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың негізгі мақсаты да осыған саяды. Азаматтарға жұмыс табуға көмектесу, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін беру және еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды қалыптастыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі.

Еңбек нарығы өзгерген сайын оған қойылатын талап та жаңара береді. Сондықтан бүгінгі міндет – азаматтарға тек жұмыс тауып беру емес, олардың тұрақты еңбекке орналасуына, кәсіби тұрғыдан дамуына және жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік жасау. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Қарағанды қаласы мен облыс тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болады.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»