Қарағанды облысы: әскери қызмет – азаматтық жауапкершіліктің маңызды белесі
Қарағанды облысында 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының нәтижесі мен алдағы күзгі шақыру кезеңінің жұмыстары талқыланды.
Қарағанды облысында 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының нәтижесі мен алдағы күзгі шақыру кезеңінің жұмыстары талқыланды. Жиынға Қорғаныс істері департаменті, полиция, облыстық басқармалар өкілдері сондай-ақ қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Биыл күзде Қарағанды облысынан 1202 азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарлануда. Оның ішінде 670 адам Қарулы күштердің, 360-ы Ұлттық ұланның, 140-ы ҰҚК Шекара қызметінің қатарын толықтырады. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелеріне де жіберіледі.
Осы жылы өңірімізден көктемгі әскери қызметке 1105 азамат аттанса, күзгі маусымда 1200-ден астам жасты әскер қатарына қосу көзделіп отыр.
Отан алдындағы борышын орындауға бел буған азаматтардың саны өскен сайын әскерге шақыру науқанын ұйымдастыруға қойылатын талап та күшейді. Сол себепті, басқосуда жергілікті атқару және әскери басқару органдары, полиция департаменті мен мемлекеттік құрылымдардың жұмысын бір жүйеге келтіру мәселесі талқыланды.
«Мемлекет басшысы «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында: «Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Қазіргі уақытта әскерилер жан-жақты дамыған, қоғам өмірінің барлық саласына үлес қоса алатын үлгілі тұлға екенін көрсетуге тиіс», — деп атап өтті. Біздің басты бағдарымыз да осы. Бұл бағыттағы жұмыс тек әскери даярлықпен шектелмейді. Сарбаздар тығырықтан шығудың амалын тауып, бір-біріне қол ұшын созып, берілген тапсырманы асқан жауапкершілікпен орындауға дағдыланады. Әскер қатарына қосылған жастар өміріндегі бұл белесті маңызды қадам деп қабылдауы керек. Тәрбиенің бастауы – отбасында. Сондықтан отаншыл ұрпақ тәрбиелеуде ата-ананың рөлі ерекше», — деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Жиында әскери қызметтің маңызды кезеңдеріне айрықша көңіл бөлінді. Әсіресе әскерге шақыру, әскери ант қабылдау рәсімдерін жаңа форматта — салтанатты түрде өткізілуіне айрықша мән берілді. Бұл туралы мемлекет басшысы арнайы тапсырма берген. Бұл ұрпақ сабақтастығын нығайтуға, жастар мен қоғам арасында әскери қызмет беделін арттыруға жол ашады.
Осыған байланысты Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында әскер қатарына шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Сарбаздар күні, ерлік сабақтары, ашық есік күндері және жастардың әскери қызметшілермен кездесулері өткізіледі. Бұл жұмысқа білім беру, мәдениет және жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары жұмылдырылады.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде әскери қызмет туралы, жас сарбаздардың өмірі және алдағы зор мүмкіндіктері жайлы толыққанды ақпарат беріп, кеңінен насихаттау жұмысы қолға алынды.
Жиын қорытындысы бойынша, қала және аудан әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірлесіп күзгі әскерге шақыру науқанын тиісті деңгейде ұйымдастыру және жастар арасында әскери қызметтің беделін арттыру бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

